«Білгенін істеген»: Түркістанда оқушы қызды зорлаған күдікті қамауға алынды

Өзін ҰҚК-нің қызметкерімін деп таныстырған

«Білгенін істеген»: Түркістанда оқушы қызды зорлаған күдікті қамауға алынды
Фото: pexels.com
2072

Өзін ҰҚК қызметкерімен деп таныстырған 33 жастағы ер адам қыздың жалаңаш суреттерін желіге жүктеймін деп бопсалап, жас қызға білгенін істеген.

Қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлының жазуынша, оқиға Түркістан қаласында болған. Көпбалалы ананың 15 жастағы қызын 33 жастағы ер адам қорқытып, зорлау әрекеттерін жасаған. Жаңа қала шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің біріне апарып, шешіндіріп суретке түсірген. Соңында жыныстық қатынасқа түскен. Күдікті мұнымен де тоқтамай қорқытып, бопсалаған. Қыздың телефонына хабарлама жіберген ол, жыныстық қатынасқа түсетін жас қыз тауып беруін талап еткен және 50 000 теңге сұраған. Әйтпесе жалаңаш фотоларыңды желіге жүктеймін деп қорқытыпты. 

«Өзін ҰҚК-нің қызметкерімін деп таныстырған. Шын мәнінде ешқандай да қызметкер емес. Қазіргі уақытта қызға азғындық жасаған адам қамауға алынды. Оның телефонынан 15-ке жуық кәмелетке толмаған жас қыздың жалаңаш фотолары табылған. Көптеген кішкентай қыздар бастарында болып жатқан осындай сұмдықтарды ата-аналарынан қорқып айта алмай тұншығып жүреді екен. Сондықтан қыздарыңызды жиі бақылап отырыңыздар. Қыздардың телеграмм чаттарға қосылмауын қадағалау қажет» - деп жазды Құрал Сейітханұлы. 

Ал, Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жергілікті тұрғынның кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын жеткізді. 

«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспірімнің жалаңаш фотосуреттері туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайды. Полиция азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жариялауға жатпайды», - делінген ведомство ақпаратында.

Серіктес жаңалықтары