Алматыда ауған тауарларының көрмесі ашылды

Көрмеде ауған бизнес-қоғамдастығының 150-ден астам өкілдері өз тауарларын ұсынды.

Алматыда ауған тауарларының көрмесі ашылды
Сауда және интеграция министрлігі
205

 

Қолдан тоқылған кілемдер, жемістер мен көкөністер, жаңғақтар, шафран шайы, антиквариат, құрылыс материалдары, асыл тастар, кондитерлік өнімдер және басқа да көптеген дәстүрлі ауған тауарлары Атакент-Экспо көрме кешенінде ұсынылды.

Бұл Қазақстанда өткізіліп жатқан дәстүрлі ауған өнімдерінің екінші көрмесі, оны Сауда және интеграция министрлігі мен Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараның ашылуына вице-премьер Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи қатысты.

Алматыда ұйымдастырылған көрменің ауқымы 2023 жылы Астанада өткен көрмеден екі есе үлкен: Атакент-Экспо көрме кешенінің 1024 шаршы метр аумағында 80-нен астам ауған компанияларының және ауған бизнес-қоғамдастығының 150-ден астам өкілдері өз тауарларын ұсынды. Айта кететін жайт, көрмеге The First Microfinance Bank, Islamic Bank of Afghanistan, Ghazanfar Bank өкілдері қатысып жатыр.

«Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азиядағы маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Ғаламдық дағдарыстарға қарамастан, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып келеді. Қазақстан өз өнімін ауған нарығына шығарумен ғана шектелмей, ауған тауарларының да қазақстандық нарыққа шығуына жәрдемдесіп келеді», – деп атап өтті Қазақстанның вице-премьері Серік Жұманғарин.

«Haidar Rafat LTD» компаниясының иесі Абдул Басир Қазақстанға алғаш рет келді. Ол көрмеде ұлттық әшекей бұйымдарының, мыс құмыраларының және антиквариат коллекциясын ұсынды.

«Мен Қазақстанға көне бұйымдар әкелдім, олардың ішінде сатылымға қойылған ең көне экспонаттардың бірі антиквариаттың халықаралық сертификатына ие», – деп бөлісті Абдул Басир.

Ол Қазақстан мұражайларымен ынтымақтастыққа үміттеніп, елдер арасындағы мәдени мұраны алмасудың және дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Фереба Насери, компания директоры және Ауғанстандағы Іскер әйелдер қауымдастығының басшысы, көрмеде табиғи шикізаттан жасалған қолөнер бұйымдарын ұсынды. Оның айтуынша, Алматыдағы көрмеге 12 шебер әйел келді. Олардың қолдан жасалған бұйымдары Ауғанстанда да, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Ауған шеберлерінің бұйымдары Германия, Франция және Америкада танылып, ол жақта олардың өнімдерін ілгерілетумен айналысатын өкілдіктер бар. Фереба Насери алматылық көрме аясында жергілікті кәсіпкер әйелдермен байланыс орнатып, одан әрі ынтымақтастық орнатады деп үміттенеді.

Алматыдағы дәстүрлі ауған тауарларының көрмесі 2024 жылдың 20-22 қазан аралығында өтеді. 22 қазанда Алматыда қазақстан-ауған бизнес-форумы өтеді, оның аясында қатысушылар B2B кездесулерінде ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылайды.

Серіктес жаңалықтары