465
Шымкентте баланы ұрып, аяғынан сүйреген тәрбиеші жазаланбайтын болды
Болған оқиғадан кейін балабақша қызметкері бірден жұмыстан шығарылып, қылмыстық іс қозғалды
Шымкентте балабақшада баланы ұрып-соғып, аяғынан сүйреп, қатыгездік танытқан тәрбиеші қылмыстық жауапқа тартылмайтын болды, деп хабарлады turkystan.kz massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Сотта әйелдің кінәсі толық дәлелденсе де, екі тараптың татуласуына байланысты оған ешқандай шара қолданылмаған.
"Сотталушы кінәсін мойындап, шынайы өкінішін білдіріп, жәбірленушінің заңды өкілінен кешірім сұрады. Оған келтірген материалдық және моральдық залалды толық өтеуіне байланысты сот ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық істі тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ", - деп жазылған Шымкент қалалық сотының хабарламасында.
Айта кетейік, оқиға қыркүйекте болған еді. Әлеуметтік желілерде тәрбиеші бүлдіршінді ұрып, аяғынан сүйрегені көрінетін видео тарады.
Болған оқиғадан кейін балабақша қызметкері бірден жұмыстан шығарылып, қылмыстық іс қозғалды.