«Тұрғызшы деп жалындым»: Мұрат Қожа белгісіз ауруға шалдыққанын айтты
Әнші екі жыл бойы аталған дертпен күресіп келген.
Продюсер Серік Абас Шах әнші Мұрат Қожаның видеосын жариялап, түсініксіз ауруға шалдыққаны туралы айтқан жазбасын жариялады.
Өнер иесінің айтуынша, аяғы мен қолы істемей қалған. Ол емін іздеп Алматы мен Астанадағы барлық дәрігерге барған. Алайда диагнозын таппаған.
«Алла сүйікті құлдарын сынайды деген бар ғой. Соны ойлап, шүкіршілік етіп жатамыз. Алланың сүйіспеншілігіндегі адаммын деп, өзімді жұбатамын.
Ауруымды ешкімге тілемеймін. Айтатындай зат емес, құдай сақтасын.
Өте қатты нәрсе... Өлім мен өмір арасындағы арпалыс. Жеңе алмайтыныңды түсінетін аурулар болады ғой. Менің ауруым - түсініксіз ауру (еді). Не аяқ жасамайды, не қол істемей қалған. Диагноз жоқ. Алматы мен Астанадағы барлық дәрігерге бардым. Ешкім білмейді. Ең соңында екі қолымды көтерген сияқты болдым. Сөйтіп Аллаға ғана табыстадым», – деп жазды әнші.
Әнші екі жыл бойы аталған дертпен күресіп келген.
«Карантин басталып жатқан кез (еді), имамдарға хабарласып, ватсаппен дем салдырдым. Медицина көмектесе алған жоқ. Үмітім үзілді дейтіндей жаман ауру да емес. Адам түсінбейтін нәрсе болды.
Тек Алладан үміт үзбедім. Аяғымнан тұрғызшы деп жалындым. Үлкен сынақ, қатты сынақ болады (қолыңа ештеңе ұстай алмау, аяғыңа тұра алмау...)
Алла көп нәрсені түсіндіру үшін осындай сынақ беретін шығар. Әр нәрсенің қадірін білуді үйреткен ауру болды. Достың, ағайынның, әйелің мен балаңның қандай екенін көрсетті. Бір аурумен бәрінің қадірін ұқтырды. Екі жыл ауырдым. Емі Алладан болды», – деп жазды ол.