«Айналымы 9 млрд»: Sax Invest қаржы пирамидасына қатысты іс тергеліп жатыр

Үш мыңнан астам салымшы 9 млрд теңгеге жуық ақша салған.

«Айналымы 9 млрд»: Sax Invest қаржы пирамидасына қатысты іс тергеліп жатыр
istockphoto.com
328

Астанадағы «Sax Invest» қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша бірнеше адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Компания өзін инвестициялық қор ретінде таныстырған, бірақ уәде етілген дивидендтер (ай сайын 2-3% - дан) қатысушыларға жаңа салымшылардан қаражат тарту арқылы ғана төленген.

Азаматтарға брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздар нарығындағы сауда және Ангола Республикасында (Африка) алмаз өндіру жобасына инвестиция салуға көндіріп, қаражаттарын сенімгерлік басқаруға беру ұсынылған.

«Sax Invest» ресми сайтында тіркелу және жеке кабинетке кіру үшін жоба клиентінен сілтеме алу қажет, яғни жобаға кіру шақыру-сілтеме арқылы ғана жүзеге асырылған.

Бонустар жаңа салымшылар тартылған жағдайда өскен, оларды кейіннен компания жүйесі ішінде басқа тұлғаға аудару арқылы қолма-қол ақшаға айналдыруға болатынын айтқан.

Салымшылардың барлық ақшалай қаражаттары компанияның банктік шотына емес, ұйымдастырушының жеке банктік картасына аударылған.

2018 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде компаниядағы ақша айналымы 18 млн АҚШ долларына (9 млрд теңгеге жуық) жетіп, 3 000-нан астам салымшыны құраған.

«Sax Invest» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері тергеу мүддесінде жария етілуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары