«Екеуі бір еркекке таласқан»: Алматыда әйелдер шетелдікті балтамен бөлшектеп тастады

Полиция іс бойынша бір адамның ғана қамалғанын мәлімдеді

«Екеуі бір еркекке таласқан»: Алматыда әйелдер шетелдікті балтамен бөлшектеп тастады
istockphoto.com
1572

Алматыда шетел азаматының өліміне қатысты тергеу басталды, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Марқұм 50 жас шамасындағы ер адам болған. Оның мәйітінің алдымен бөлшектеліп, сосын өртелгені анықталды. Күдікті ретінде марқұммен бірге тұрған әйел қамауға алынған. Алайда марқұмның қызы әкесінің ауырып көз жұмғанын айтады. Ал марқұм мәйітінің өртелуін көзі тірісінде өзі сұраған екен. Олар ұстанған діннің жоралғысы сондай дейді туыстары. 

Жантүршігерлік оқиға қаланың төртінші шағын ауданында болды. Мәйіт табылған пәтерге алғаш болып полицейлермен бірге куә ретінде аула сыпырушы да кіріпті.

Балтамен шауып тастаған. Ваннаға бөлшектеп-бөлшектеп кіргізіп, жатқызып қойған. Бөлшектеп тастағаннан кейін үстінен от жаққан. Қарайып кеткен ғой. Бір-екі саусағы күйіп кеткен, қап-қара болып. Әр жерінен жаққан. Қолының үстіне қағаз жаққан ба, әйтеуір өртеген, – дейді аула сыпырушы Нұрлан Жапарқұлов.

Марқұмның қызы әкесінің ауырып, көз жұмғанын алға тартқанмен, немен ауырғанын айта алмаған.

Әкемді ешкім өлтірмеді. Ауырып ажал құшты. Ол скандинавтық дінге сенетін. Тірі кезінде бізге «өлгеннен кейін денемді бөлшектеп, өртеп жіберіңдер» деп ылғи айтатын. Скандинавтық жерлеу рәсімі бойынша, мәйітті қайыққа салып, суға жібереді. Артынан жанып тұрған жебені садақпен атып, мәйітті өртейді, – дейді қызы. 

Марқұм Ресейде туып-өскен. Кейін Қазақстанға келіп, отбасын құрып, балалы-шағалы болған. Екі қызы бар. Тағы бір қызды асырап алған.

Әкем жерлеу рәсімін жүргізуді өгей қызына тапсырған. Өйткені ол эмоционалды, физикалық тұрғыдан арамыздағы ең мықтысы болатын. Әкемізді аман алып қала алмаған соң, денесін сыртқа шығара алмайтынын түсініп, пәтердің ішіндегі ваннада өртейтін болып шештік, – дейді марқұмның қызы.

Алайда сол маңдағы тұрғындар қылмыстың қызғаныштан болғанына сенімді. Өйткені асыранды деген 20-ның төңірегіндегі қыз марқұмның көңілдесі болуы мүмкін.

Екі әйел сол бір еркекке таласып қалған болу керек. Содан кейін барып бауыздаған ғой екеуі. Біреуі – өзінің әйелі. Екіншісі көңілдесі ғой деймін, – дейді тұрғындардың бірі. 

Полиция іс бойынша бір адамның ғана қамалғанын мәлімдеді. Қамауға алынған күдіктінің әйелі ме, өгей қызы ма, әзірге белгісіз.

Әуезов ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа мән-жайы анықталып жатыр, – деді Алматы қаласының ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Серіктес жаңалықтары