296
Оралда 4 жасар қыз бала отадан кейін көз жұмды
Бүлдіршін отадан төрт күн өткенде қан кетіп, жан тапсырған.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше 4 жастағы қыз бала 25 қыркүйекте облыстық көп профильді аурухананың ЛОР-бөлімшесіне түскен.
Тыныс алуы қиындап, түнде қорылдап, тамағы жиі ауырған. Осындай шағыммен ауруханаға түскеннен кейін келесі күні балаға ота жасалған. Арада төрт күн өткенде баланың тамағынан қан кетіп, тоқтамай қойған.
«30 қыркүйекте түнгі сағат 00:35-те бала операциялық блокқа түсті. Ауыз қуысынан қан кетіп жатқан. Ауыз қуысы мен тыныс алу жолдарының санациясы жасалған. Бірақ 00:40-та жүрегі тоқтаған. Реанимациялық шаралар қолданғанмен, нәтижесіз болған», - деп хабарлады ведомство.
Өлім себебі екі аптадан кейін, патологоанатомиялық (гистологиялық) зерттеу нәтижелерінен кейін белгілі болмақ.