Болашақ дәрігерлер АЭС құрылысына оң көзқарас танытты

АЭС салу арқылы Қазақстан энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік алады.

Болашақ дәрігерлер АЭС құрылысына оң көзқарас танытты
Халықтық штаб
Автор
Админ
226

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Талғар медициналық колледжінің оқытушылары мен студенттерімен кездесті.

Шараның басты мақсаты – атом энергетикасының Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне және экономикалық дамуына қосатын үлесін түсіндіру.

Халықтық штабтың мүшесі Нәйлә Үмбетова АЭС құрылысының еліміз үшін стратегиялық маңызын нақты деректермен баяндады. Ол АЭС құрылысының бастапқы шығындары мен ұзақ мерзімді экономикалық пайдасын егжей-тегжейлі түсіндірді.

«АЭС салу жобасы үлкен қаржы инвестициясын қажет етеді, бұл – 10-12 миллиард доллар шамасында. Қаржыландырудың екі нұсқасы бар: бірі – Қазақстанның өз қаражатымен салу немесе қарыз алу, екіншісі – шетелдік концессия арқылы салу. Бұл жағдайда, мысалы, Түркияда салынып жатқан атом электр станциясының 49% үлесін Росатом иеленіп отыр. Мұндай жобаның табыстылығы 20 жыл ішінде өтеліп, 60-100 жылға дейін тұрақты түрде жұмыс істейді. Қазір елімізде электр тапшылығының артуы байқалып, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндеті тұрғанда, бізге тұрақты, сенімді энергия көзі қажет. АЭС – осы талаптарға толық сай келеді», – деп түсіндірді Нәйлә Үмбетова.

Оның айтуынша, АЭС салу арқылы Қазақстан энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік алады. Жобаны іске асыру арқылы заманауи технологиялар енгізіліп, елдің энергетикалық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі. Сонымен қатар, АЭС құрылысы бюджетке түсетін салықтық түсімдерді арттырып, аймақтардың инфрақұрылымдық дамуына серпін береді.

Кездесуде Талғар медициналық колледжінің физика пәнінің оқытушысы Еркебұлан Шағанбаев та өз пікірін білдіріп, қазіргі энергия көздерінің шектеулерін атап өтті.

«Біз Қазақстанда күн энергиясын іс жүзінде пайдаланбаймыз. Күн панельдерінің өндірісі жоқ, ал жабдықтар қымбат болғандықтан, өндіріс құны өте жоғары. Осы себептен, күн энергиясына сұраныс төмен болып отыр. Мен атомшы емеспін, бірақ физик ретінде нақты айта аламын: қазіргі уақытта елімізде электр тапшылығы бар. Бізге тұрақты және сенімді энергия көзі қажет, сондықтан АЭС салуды қолдауымыз керек», – деді Еркебұлан Шағанбаев.

Жиында АЭС құрылысына қатысты пікірлер қызу талқыланып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Олар атом электр стансасының құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экономикалық әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашатынын атап өтті. АЭС-ті қолдау – Қазақстанның болашағы үшін жасалған батыл қадам екенін алға тартқан тұрғындар бұл жобаның елімізді тұрақты әрі дамыған мемлекетке айналдыруға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Халықтық штабтың осындай кездесулері АЭС жобасы туралы ашық әңгімелесуге, халықтың пікірін тыңдауға және алдағы референдумда белсенділік көрсетуге ынталандыруға бағытталған. Штаб мүшелері алдағы уақытта да халықпен тікелей байланыс орнатып, олардың барлық сұрақтарына нақты жауап беруге дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кету керек, бұл кездесулер тек ақпарат алмасу ғана емес, сонымен бірге, еліміздің энергетикалық болашағына қатысты қоғамдық диалогтың маңызды алаңына айналуда.

Серіктес жаңалықтары