Аманжан Жамалов: Экономиканың моделі өзгеруге тиіс

Президент атап көрсеткен экономиканы ырықтандыру, несиелеуді қайта іске қосу, шикізаттық емес секторды дамыту сияқты жаңа шаралар ұзақмерзімді өсім үшін негіз бола алады.

Аманжан Жамалов: Экономиканың моделі өзгеруге тиіс
istockphoto.com
Автор
Админ
236

Биылғы Жолдаудың жүгі ауыр. Мемлекет басшысы бұл жолы негізінен экономикалық мәселелерді қозғады және кейбір бағыттар бойынша тығырыққа тіреліп тұрғанымызды меңзеді. Мәселен, Ұлттық қор қаражатын пайдалану, Салық кодексін жетілдіру, бюджет тапшылығын жою бойынша. Үкімет нендей стратегия қабылдап, қандай амал қолданса да жоғарыда аталған мәселелерді барлық тарапқа да тиімді етіп шеше алмай келеді. Осы ретте экономика ғылымдарының докторы Аманжан Жамаловқа көкейдегі толғағы жеткен сауалдарды қоюдың орайы келді.

– Президенттің осы жолғы Жол­дауына негізінен экономикалық, қар­жылық мәселелер өзек болды. Сіз не байқадыңыз? Пікіріңіз қандай?

– Президент атап көрсеткен экономиканы ырықтандыру, несиелеуді қайта іске қосу, шикізаттық емес секторды дамыту сияқты жаңа шаралар ұзақмерзімді өсім үшін негіз бола алады. Қазір біз индустриаландыру бойынша соны серпілістерді көріп отырмыз. 17 мега жоба іске асырылып жатыр. Өңдеуші өнеркәсіп саласы тау-кен секторынан жылдамырақ өсіп келеді. Инфляция 2,5 есе баяулады. Еліміздің халықаралық резерві 100 млрд доллардан асты. Яғни статистикалық көрсеткіштер жаман емес. Бірақ экономика құрылымындағы сапалы өзгерістер әлдеқайда маңыздырақ.

Мемлекет басшысының Жолдауын Үкімет үшін қазіргі жағдайдағы іс-қимылдың нақты бағдары деуге болады. Үкіметтің экономикалық блогі ел экономикасының моделін өзгерту бойынша күрделі құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға қатысты жұмыстарды ұйымдастыруы керек. Мұндай іргелі өзгерістер уақытты талап етеді. Бірден нәтиже күте алмаймыз – экономикадағы құрылымдық реформалар бірнеше жыл өткен соң жемісін береді. Экономика – тек дәл есептеуді емес, төзімді де талап ететін күрделі механизм.

– Жолдаудағы маңызды тақы­рыптың бірі – нақты секторға кредит беру жайы. Бұл бағыттан қандай
перс­пектива көресіз?

– Қолжетімді несиелеу арқылы бизнесті қолдау – экономикалық өсімнің қозғаушы күші. Нақты секторды, әсіресе шағын және орта бизнесті дамыту жаңа жұмыс орындарын құруға, салықты арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары банктер бизнес­ке қарағанда, халыққа жоғары па­йызбен несие беруді күшейтті. Сөйтіп, теңсіздік туды: азаматтар тұтынушылық несие қамытын киіп жатса, шағын және орта бизнес қаржыландыру бойынша қиындыққа тап болды. 14 па­йыз деңгейіндегі жоғары базалық мөл­шер­леме көптеген кәсіпкерге несие алуға мүмкіндік бермейді, себебі мұндай қарызды дер кезінде төлеп отыру тіпті мүмкін емес. Нәтижесінде, Үкімет биз­нестің қаржыға қол жеткізуін жеңілдету мақсатында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға мәжбүр. Бұл өз кезегінде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетпеуіне себеп. Мұндай тұйық шеңберді жою керек. Кәсіпкер несиені қиналмай алып, қаражатын өндіріске, инновацияға және экспортқа сала алатындай жағдай туғызуымыз қажет. Бұл түйткілді тарқату үшін Үкімет пен Ұлттық банк ортақ шешім таба алады деп сенемін.

– Президент «көрпеге қарай көсілуіміз керек» деді. Алдағы уақытта бюджет саясаты қалай өзгермек және азаматтарға қалай әсер етпек?

– Көрпеге қарай көсілу – жеке қаржыны басқаруға байыппен қарау ғана емес, мемлекеттік қаржы тұрақтылығын реттей алатын жалғыз рецепт. Президент маңызы төмен міндеттерге шамадан тыс ақша шашудан бас тартып, стратегиялық маңызды жобаларға мән беруіміз керек деді. Демек мемлекетке түк пайда әкелмейтін шығындарға тосқауыл қойылып, бюджетті бақылау қатаңдай түседі. Мұндай шаралар биыл жыл соңына дейін қабылдауды жос­парлап отырған Бюджет кодексінде қарастырылмақ. Мәселен, Ұлттық қордан нысаналы трансфертті тек аса маңызды нысандар мен жалпымемлекеттік маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін пайдалану көзделеді. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыны өсімі де шектеледі. Соңғы бірнеше жылда мемлекет бюджет шығынын тым арттырып жіберді, әсіресе әлеуметтік қажеттіліктерге байланысты. Алайда мұндай шығындардың қайтарымы күмән тудырады. Президент 3,3 трлн теңге жұмсалып отырған денсаулық сақтау саласының жүйесін мысалға келтірді. Әрине, еліміздегі медициналық қызметтің сапасы ондай шығын деңгейіне сәйкес емес. Бұл басқа салаларға да қатысты.

Меніңше, бюджет шығындарының тиімділігін арттыратын бірден-бір мүмкіндік – цифрландыру. Мемлекеттік қаржыны басқару үдерісіне замандық технологияларды енгізу мемлекет мүддесіне бағытталған әр теңгені жеке бақылауға жағдай жасайды. Шығын мейлінше ашық болып әрі жеңіл қадағаланған са­йын жемқорлық тәуекелі де төмендейді. Мемлекет қаржысы нақты мақсатқа пайдаланылады.

Цифрлық теңгенің қолданысқа енуі үлкен прогресске ықпал етуі мүмкін. Биыл шілдеде Ұлттық банк бюджет қаржысы шығындарын таңбалау үшін цифрлық теңгені пайдалану бойынша қанатқақты жобаны іске қосты. Цифрлық теңгемен есеп-айырысу түпкілікті жеткізуші мен мердігерге дейін бүкіл тізбек бойынша бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ондай жағдайда жемқорлық пен «күмәнді істердің» көлеңкесі де қалмайды.

– Мемлекет басшысы Ұлттық қор мәселесін де қозғап өтті. Қордың қазіргі стратегиясын және қаражаттың ел экономикасы игілігіне жұмсалу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Қазір қорда 60 млрд доллар жиналып тұр. Бұл қаражаттың басым бөлігі кірістілігі төмен шетелдік активтерге салынған. Соңғы 10 жылда Ұлттық қор кірістілігі небәрі жылдық 2 пайызды құрады. Енді парадоксты қараңыз: біз өз ақшамызды 2 пайызбен беріп жатқан кезде, 5 пайызбен сырттан займ тартып жатырмыз. Іс жүзінде өз ақшамызды экономикамызды өсіруге жұмсамай, қарызға алу үшін төлеп жатырмыз. Бұл стратегияны қайта қарайтын кез жетті. Әрине, мұндай резерв қиын кездерде бюджетті тұрақтандырады. Алайда оның бір бөлігін ішкі экономиканы дамытуға жұмсасақ, одан әрі тиімді бола түспек. Яғни біз Ұлттық қор қаражатын нақты өсім мен елге пайда әкелетін өзіміздің жобаларға инвестициялауға тиіспіз.

Бірақ ескеретін жайт бар – олар расымен тиімді әрі стратегиялық ма­ңызды жобалар болуға тиіс. Жеті рет өлшеп, бір рет кесейік. Бізге тек инвестиция емес, ұзақмерзімді өсім мен тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын инфрақұрылым, технология, өнеркәсіпке мақсатты салым қажет.

– Президент жаңартылған Салық кодексін қабылдауды келесі жылға шегертті. Бізді қандай өзгеріс күтіп тұр деп ойлайсыз?

– Жаңа Салық кодексі ұзақ уақыт әзірленді және Парламент талқысына түсіп отыр. Сөзсіз, ауқымды жұмыс істелді. Соған қарамастан жетілдіруді талап ететін даулы сәттер де аз емес. Әсіресе салық жеңілдіктері бойынша. Сондықтан мен Президент шешімін толық қолдаймын. Ұзаққа созылса да сапалы етіп жетілдірген жөн.

Президент, біріншіден, банктер үшін салық салуды арттыру туралы айтты. Үкімет олардың корпоративті табыс салығын 20-дан 25 пайызға (бизнес-несиелеумен байланысы жоқ, тек кірісі бойынша) көтеруді ұсынған. Бұл талап жаңа кодекске енгізіліп қойды. Екінші мәселе жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкалаға қатысты. Елімізде біркелкі мөлшерлеме – небәрі 10 пайыз. Әлемдегі ең төмен мөлшерлеменің бірі. Көбірек табыс табатындар үшін бұл мөлшерлеме өсірілмек. Бұл – көпшілікке емес, өте ауқатты адамдардың тар шең­беріне ғана әсер ететін әділдік элементі. Үшіншісі – салық жеңілдіктері. Бізде жеңілдік көп, бірақ содан келетін эко­номикалық пайда жоқтың қасы. Үкі­меттің бағалауынша, бүкіл салық жеңілдігі салдарынан туындайтын жоғал­ту – 3,5 трлн теңге. Міне, тап осы тұсқа тәртіп қажет-ақ – жеңілдіктердің жартысын жойып, басқасының тиімділігі бойынша қатаң мониторинг қажет-ақ.

Ең басты нәрсе – салықтық әкімші­лен­діруді толық цифрландыру. Салық органдары қате іздеп, жазалаудың орнына адамдар мен бизнеске салықты дұрыс төлеу бойынша дер кезінде көмек қолын созуға тиіс. Қазір жазалау емес, қызмет көрсете білу маңызды. Өйткені көп адам салықтан әдейі жалтармайды, біразы заңның егжей-тегжейін толық білмей жатады. Мемлекет бұл орайда адамдарға серіктес болуы шарт: түсінікті инструкция ұсынсын, үдерістерді автоматтандырсын, бюрократиялық барьерлерді жойсын. Егер біз салық жүйесін сенім мен көмек ұстанымына негіздеп құрар болсақ, адамдар мен компаниялар ерікті және байыпты түрде салық төлей бастайды. Бұл салық түсімін ұлғайтып қана қоймайды, сонымен қатар мемлекетке деген сенімді де нығайтады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Абай Аймағамбет,

«Egemen Qazaqstan» 

Серіктес жаңалықтары