Жетісу облысында 3 жастағы «ерекше» бала жоғалып кетті

Үш жасар Алдияр – отбасындағы тоғыз баланың жетіншісі.

Жетісу облысында 3 жастағы «ерекше» бала жоғалып кетті
Скриншот
771

Жетісу облысының Көксу ауылында аутизмге шалдыққан ерекше бала жоғалып кетті. Есік алдында ойнап жүрген үш жасар Алдияр көшеге шығып кеткен, содан бері үш күн өтті. Оны 400 адам іздеп жатыр. Қазір сүңгуірлер елдімекендегі ағысы қатты өзенді сүзуге кіріскен. Бұл туралы turkystan.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Үш жасар Алдияр – отбасындағы тоғыз баланың жетіншісі. Мінезі тұйық, ерекше бүлдіршін бауырларына қосылмай, жалғыз жүргенді ұнатады екен. 7 қыркүйекте күндіз бәрі аулада ойнап жүргенде, анасы 15 минутқа ас үйге кіріп кетіпті. Сол аралықта баласы жоғалып кеткен.

«Бүгін – үшінші күн. Не ойларымды да білмеймін. Жүрегім табылады дейді, жүрегім тып-тыныш, табылады деген сеніммен аяққа тұрмыз. Ел-жұрт қарап жатыр. Табылып қалады деген үміттемін», – деді Алдиярдың анасы Айнұр Бекжанова.

Көксу тұрғындары Алдиярды іздеп жатыр. Сөздерінше, ауылды түгел қарап шыққан. Өкінішке қарай бала әзірге табылған жоқ.

«Біреулер алып кетті немесе суға түсіп кетті ме деген болжам бар. Үйдің маңайындағы шұңқырдан да қарадық, онымен таба алмай жатырмыз. Бұрын ауылымыздан ештеңе жоғалып көрген жоқ. Малымыз да жоғалмайтын, тыныш ауыл болатын», – деді Көксу ауылының тұрғыны Мейраш Шамшарова. 

Жедел іздестіру тобы, ауыл халқы мен еріктілер әр үйдің ауласын, қорасын түгел қарап шыққан. Үйдің іргесінде ағыны қатты өзен бар. Сенбіде баланы сол маңнан көргендер де болған екен. Сондықтан Мұқаншы су айдынын сүзіп шығу үшін сүңгуірлер шақыртылған.

«Іздестіру жұмысына 400-ге жуық адам қатысты. Шұңқыр, шатырлар, дәретханалардың тесіктерін, үйдің ішін тексеру жұмыстарын жүргіздік. Одан кейін осы ауылдың жан жағындағы жабайы өскен ағаштар, жыңғыл, егістік жерлер – сол жерлерден іздедік. Судың ішінде де іздестіріп жатырмыз», – деді Жетісу облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайсар Мұхметов. 

Бала үйден шығып кеткенде, үстіне сұр жемпір, қара шалбар киген. Аяқ киімі ақ түсті. Полиция бүлдіршінді көрген-білгендер болса, 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.

 

Серіктес жаңалықтары