Қостанайда салынып жатқан жаңа мектепке қатысты дау шықты
Құрылыс облыс әкімдігі мен мердігер арасындағы мәселеге байланысты тоқтатылды.
“Береке” шағын ауданында салынып жатқан жаңа мектепке қатысты дау шықты, деп хабарлады turkystan.kz жергілікті "Қостанай таңы" басылымына сілтеме жасап.
Бұл жағдай халық қалаулыларының үлкен алаңдаушылығын туғызып отыр.
“Жаңа мектептің төңірегінде қалыптасқан алаңдатарлық жағдайға назар аударғым келеді. “Береке” шағын ауданындағы білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жоба, өкінішке қарай, аяқсыз қалды”, – деп жазды Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Гүлфия Дәндібаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бүгінде бала саны ұлғайып келе жатқан қала жаңа оқу орындарына аса мұқтаж. Дәл қазір құрылысы салына бастаған ғимараттың жұмысы сол күйі тоқтап тұр.
“Ғимарат шатырының қаңқасы ауа райына төтеп бере алмай, айналасына қауіп төндіруде. Оқшаулауға арналған материалдары бүктелген күйі бастапқы тиімділігін жоғалтуға айналды. Ғимараттың пластикалық терезелері желмен ашылып кетеді. Мектепті салуға бөлінген бюджет қаржысының осылай желге ұшқанын көру өте өкінішті. Мұндай қомақты қаражатты тиімдірек пайдалануға болар еді”, – деп жазады депутат.
Естеріңізге сала кетейін, мектеп осы жылдың тамыз айында тапсырылуы тиіс болған. 2024 жылдың 1 қыркүйегінде ол алғашқы оқушыларын қабылдауға тиіс еді. Бүгінгі жағдайда болашақ білім ордасының қашан ел игілігіне берілері белгісіз күйінде қалып отыр.
“Күрмеуі қиын мәселе жалғасып жатқан кезде, біз балаларымызды жайлы жағдайда оқытуға жұмсалатын ең құнды уақытты жоғалтамыз. Енді барлық дауды шешу процесін жеделдетіп, құрылысты тезірек аяқтаудың жолдарын табу өте маңызды”, – дейді халық қалаулысы.