"САТ" жобасына халық қарсы!": депуаттар Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бергелі отырғанымызды айтты

Депутат Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

"САТ" жобасына халық қарсы!": депуаттар Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бергелі отырғанымызды айтты
сурет: parlam.kz / Жаслан Жумабеков
551

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Арал тағдырына алаңдады. Мәжілістің жалпы отырысында Мархабат Жайымбетов депутаттардың атынан сауал жолдап, «САТ» жобасын түбегейлі тоқтату қажет екенін айтты.

Сыр суының байырғы мамандары мен теңізбен тағдырлас халық Кіші Арал –жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда бір деңгейлік нұсқасын табанды түрде сұрап келеді. «САТ» жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтерумен жүзеге асты. Бір әттегенайы, «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынды (42 м.НГ). Айта кететін жәйт, бар ғұмырын су саласына арнаған Нариман Қыпшақбаевтың бөгетті 52-53 м. биіктікте көтеру туралы талап-ұсынысына жобалаушылар құлақ аспаған. Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен ұлы теңіз жағына қарай 48 млрд. текшеметр шамасында су зая кетті. Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай, Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе? – деді депутат.

Тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат нұсқаны мақұлдануына жергілікті халық алаңдаулы екенін, бұған халықпен кездесуге барғанда көзі жеткенін айтқан Мархабат Жайымбетов айдыны қашқан теңіздегі халық Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

Қазір жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 миллион доллар бөлінген. Бір қызығы жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей –қаражат игеріліп қойған. Оған мүдделі кім, қаржы мақсатты жұмсалды ма сауалдарды алға тартып, Қамыстыбас көлінің табиғи кешенін бүлдіруге болмайтынын тайға таңба басқандай баяндаған. Халық қырағы. Осыған орай, ел аманатын арқалаған AMANAT фракциясы келесі мәселелерді шешуді қажет деп есептейді:  

Бірінші кезекте, бір деңгейдегі схеманы қалдырып, екі деңгейлі САТ түбегейлі тоқтатылсын!!! Жергілікті халық өңірде бірнеше қоғамдық талқылау мен кездесулер өткізуді, оның ашықтығын қамтамассыз етуді сұрап отыр.

Екінші, Солтүстік Арал теңізінің 12 шақырымдық Көкарал бөгетінің тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету.

Үшінші, Қамыстыбас көлі – аймақ жауһары, әрі өңірде экологиялық баланс сақтауда маңызы зор. Сондықтан оның режимін бұзудың қажеті жоқ!

Төртінші, Ақлақ су торабының құрылысы бұрын кеуіп қалған Қарашалан, Баян, Сартерен, Домалақ және басқа да көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Енді жобаның 2-ші кезеңі шеңберінде Қамыстыбас, Ақшатау, Ақсай және Қуандария көлдер жүйесі үшін осындай жұмысты жүргізу, – деді депутат.

 

 

Серіктес жаңалықтары