Ақтөбедегі мектеп-интернаттың 6 қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды

Олардың қатарында мектеп директоры мен күзетші де бар.

Ақтөбедегі мектеп-интернаттың 6 қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды
diapazon.kz
387

Ақтөбедегі Есет батыр атындағы мектеп-интернатында 8-сынып оқушысы Бексұлтан Әбубәкіров әлімжеттіктен көз жұмған соң, 4 айдан кейін мектеп қызметкерлері жауапқа тартылды.

Оқушының қазасынан кейін мектептің 6 қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды. Олардың қатарында мектеп директоры мен күзетші де бар.

«Мектеп директоры және оның көмекшісі Асылбек Тәпесов қатаң сөгіс алды. Содай-ақ күзетші Қосмағамбетова да бар. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Нұрмағамбетова сөгіс алып қана қоймай, жұмыстан босатылды. Тәрбиешінің көмекшісі Есет Дүйсенов те қызметінен қуылды. Еркін күрес кафедрасының жаттықтырушылары мен оқытушылары Т.Сейітов келісім-шарт мерзімі біткен соң қазан айында жұмыстан кетсе, А.Бекжанов еңбек демалысынан кейін қызметін босатады. Сондай-ақ жаттықтырушы А.Жарылқасынов та жұмыстан кетті. Ал педагог-психолог Т.Советова қатаң сөгіс алды», – делінген жазбада.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, мектеп директоры Қайрат Әжбағамбетов 2024 жылдың 8 ақпанында мектепте жұмыс істей бастаған. Айтуынша, ол тәжірибелі басшы. Сондай-ақ әкімдік мектеп-интернаттағы жаттықтырушы құрам түгелдей ауыстырылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, 11 сәуірде олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатында Бексұлтан есімді оқушының есінен танып, кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Алайда жақындарының сөзінше, марқұм жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көрген. Аталған дерекке қатысты полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары