"Күміс жүлде – Демеудің 5 жыл күткен перзентінің несібесі" – Демеу Жадыраевтың анасы

Күлипа САБЫРБЕКҚЫЗЫ – грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу ЖАДЫРАЕВТЫҢ анасы

"Күміс жүлде – Демеудің 5 жыл күткен перзентінің несібесі" – Демеу Жадыраевтың анасы
turkystan.kz
4418

Екі күннен соң жаһан жұрты көз тіккен Олимпиада ойындары аяқталады. Үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекенің жалпы командалық есебінде Қазақстан құрамасы 28-орынға табан тіреді. Ел қоржынында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлде бар. Қазір күні кеше бір күнде қос күміс медаль иеленген грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраев пен боксшы Нұрбек Оралбайдың жетістігі ел ауызында жүр. Осы ретте күміс жүлде иеленіп қана қоймай, Олимпиаданың басты фавориті саналған қырғыз балуаны, әлемнің екі дүркін чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовты жарыс жолынан тайдырған Демеу Жадыраевтың анасы Күлипа САБЫРБЕКҚЫЗЫНА хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

– Біз Жетісу облысы Пан­филов ауданына қа­расты Үшарал ауы­лын­да тұрамыз. Өзім де, жолдасым да осы ауылда туып-өс­тік. Мен – мал­­­­шы­ның қызымын. Жол­­дасым Нұр­­дәу­лет те мал­шы болды. Талай жыл шопыр бо­лып жұ­мыс істеді. 2001 жылы дү­ниеден өтті. Көп­шілік баламның аты-жөніне таңғалып жатса керек. Жа­дыра – арғы атасының есімі. Ұлымның есімін Демеу деп өз атасы қойды. Жақын досының аты Демеу болса керек. Мен төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдім. Демеу – ең кенжем. Бәрі үйлі-баранды, балалы-шағалы. Төртеуі Алматыда тұрады. Қара шаңырақта Демеудің алдында туған ағасы Нұрбақытпен бірге тұрамын. Демеу әрі-бері жарыстан жарысқа, жиыннан жиынға шапқылап жүреді. Алматыда тұруға тиіс. 
Балам Бейжің Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұр­бақыт Теңізбаев екеуі – бір ауылдан түлеп шыққан спорт­шы­лар. Ауылда балалар сыртта ойнап, ақырында спортқа қы­зығады ғой. Сол кезде Демеу де спортқа бейім болып, күресте же­тістікке жеткен үлкендердің суреттерін көріп, армандайтын. Мұ­ны байқаған әкесі оны 3-сынып оқып жүргенде күрес сек­циясына жетектеп апарды. Ең алғашқы бапкері Жұмахан Тұр­ғанбеков Талдықорғанға ертіп барып, ары қарай спортшы ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ин­тер­нетте кеше ба­лам жа­рысқа шық­қан­да Жұма­хан­ның кө­зі­не жас алып, тол­қып отыр­ған ви­­део­сы кеңі­­­нен та­рап кетті ғой. Ол ви­део­ны көр­­ген біздің де көңі­ліміз бо­са­ды. Жұма­хан «Тәте, Тал­ды­қор­­­ғанда да­рын­ды балаларға арнал­ған спорт ин­­тернаты ашыл­ға­лы жатыр» деп қыр­күйек­те мектепке барып жүр­ген баламды сұрап алды. Ол кезде Демеу 6-сыныпта оқитын. Сөйтіп, Талғат Баймұқанов, Елдос Қос­бағаров, Демеуді облыс орталығына алып кетті. Онда білім алған соң Алматыға оқуға түссе де, спорт­тан қол үзбеді. Сол кезде Жұмахан білікті бапкер Боран­бек Қоңыратовқа «Жалғыз жүрмесін. Ары қарай сіз жетектеңіз» деп баламды аманаттап, тапсырды. Жұмахан аяқ асты инсульт алып, ауырып қалды. 
Балам қазір 34 жаста. «Уақытың келді. Күресіңді қой­саңшы. Спорт, спорт деп шаршадың ғой» деп талай айттық. Ол «Шаршамаймын. Қоймаймын. Олимпиадаға дейін жетіп, карьерамды аяқтаймын» деп бой бермей қойды.
Бұрын ол «Сіз мен қатысқан жарысқа барсаңыз күрес­пеймін» дейтін. Бірақ алыстан теледидардан көріп, тақымымды қы­сып отырамын. Парижде барлық белдесуін көрдім. Көпшілік екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қырғыз балуаны Ақжол Махмұдовты жеңгенін әлі күн­ге дейін айтып жүр ғой. Мен Ақжол секілді мықтыны ұтқан соң, қалғанын да ұтады деп сендім. Биыл балам үшін сәтті жыл болды. Бәріміз оған «Сенің жылың» деп айтамыз. Бішкекте Олим­пиадаға жолдама ұтып алды. Сол жарысқа барғанда ке­лінім босанып, немерелі болдым. Демеудің бес жыл күткен тұңғышы – Дана қызым өмір есігін ашты. Немеремнің аяғы алтын! Демеудің Париждегі жетістігі – немеремнің несібесі. Асыға күткен немереміз әкесінің жолын оңғарып, жетістікке же­туіне септігін тигізді. 
Боз кілемде ұлымның өз-өзіне сенімді болғанын байқауға болады. Оның күмісі біз үшін алтынға бергісіз! Финалды үйде қала және ауыл әкімі, Талдықорған, Қапшағай, Алматыдан кел­ген журналистер және туыстармен отырып бірге тама­шаладық. Алматыдағы ұл-қыздарымды да шақырып алдым. Демеудің жары үш айлық баламен үйде отырған соң келе алмады. Адам саны көп болғандықтан, үйде көруге мүмкіндік бол­мады. Сондықтан аулаға теледидар қойып, бәріміз бірге көр­дік. Сонау Кегеннен Нұрбақыт келді. Оның анасы да қасымыздан табылды. Осындай сәтте қуанышымызды бөліскен оларға алғысым шексіз!
Жарыс біткен соң Демеу «Анашым, күміс жүлде құтты бол­сын! Бәрі жақсы!» деп хабарласты. Кейін қарасам телеарна журналисіне «Алтын ала алмадым. Бұйырғаны – осы» деп сұх­бат беріпті. Бұл жүлдеге жеткен де бар, жетпеген де бар. Аллаға санс­ыз шүкір. Бұл – елдегі грек-рим күресі тарихында бізге бұйырған тарихи жүлде. Бұйырса, 10-тамызда Алматыға барып күтіп аламыз. 
Балам Қазақстанның абыройы үшін терін төкті, күшін сарп етті. Айлап үй көрмейтін. Апталап залдан шықпайтын. Екі ай жат­тықса, екі-ақ күн демалып, залға қарай жүгіре жөнелетін. Сол еңбегі ақталды! Балам секілді ел мерейін үстем ететін спорт­шыларымыз көп болсын! Спортта топ жару оңай емес. Мұн­дай қиын жолды таңдап алған балаға үнемі қолдау керек. Сон­дықтан Демеуім секілді елін сүйер азаматтар Қазақстан абы­ройын асқақтата берсін! Қоржынымыз Олимпиада жүл­делеріне молайа түссін!

Серіктес жаңалықтары