«Жер аманаты» ел бойынша көшпелі отырыс өткізбек

«Жер аманаты» ел бойынша көшпелі отырыс өткізбек
Автор
Админ
305

«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы жақын арада еліміздің барлық өңірінде ресми көшпелі отырыстар өткізуге ниетті. Бұл туралы «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. «AMANAT» партиясы ел Президентінің қоғамдық тірегі бола отырып, осы мәселені шешуге алғашқылардың бірі болып қосылды.
«Жер аманаты» комиссиясының ресми оты­рыстары 2024 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында республикалық маңызы бар барлық облыс пен қалада өткізіледі.
– Біз тек қана игерілмей, пайдаланбай жатқан жерлер бойынша ғана емес, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың жер учаскелерін беру кезіндегі әкімдіктердің заңсыз істері мен басқа да заңсыз әрекеттерге қатысты өтініштерін қарастырамыз. Баршаңызға айтарым, комиссияның сіздің өңіріңізге келу мүмкіндігін пайдаланыңыз, жер қатынас­тарындағы заңдылықты, тәртіп пен әділдікті бірге қалпына келтірейік, – деді Бақытжан Базарбек.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы 2022 жылғы маусымда құрылған болатын. Осы уақытқа дейін мемлекетке 10,8 миллион гектардан астам ауылшаруашылық жерлері қайтарылды, оның 3 миллионға жуығы азаматтарға берілді. Сондай-ақ комиссияның бастамасымен мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлеріне ашық қолжетімділік беру мақсатында jerkarta.gharysh.kz. геоқызметі іске қосылды. Жер мәселелері бойынша 3 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 80 пайызы оң шешімін тапқан.

Серіктес жаңалықтары