«inDrive» жүргізушілеріне 50 шақырымнан артық жүруге тыйым салынуы мүмкін

Министр InDriver сияқты агрегаттардың қызмет аясы шектелуі мүмкін екенін айтып қалды.

«inDrive» жүргізушілеріне 50 шақырымнан артық жүруге тыйым салынуы мүмкін
istockphoto.com
446

Көлік министрі Марат Қарабаев қала арасында қатынайтын автобустарды бәсекеге қабілетті етудің екі жолын зерттеп жатқанын айтты.

«Қарасаңыздар, екі қаланың арасына қатынайтын автобустар 2020 жылдан кейін жоғалып кетті. Өйткені пандемия келді де көп кісілер цифрлық технологияға өтті. Соның нәтижесінде InDriver өте күшті болды да, қазір халық екі қаланың арасында қатынайтын тұрақты автобустарға бармай жатыр. Бір жағынан InDriver өте ыңғайлы. Өйткені үйінен алып кетеді және тезірек жүреді. Оған екі шара деп отырмыз. Бірінші шара – қазір сенатта қабылданып жатқан заң. Мысалы, бір нүктеден екінші нүктеге дейін белгіленген жылдамдық сағатына 120 шақырым деп белгіленді дейік. Екі араға одан жылдам жетіп қойсаңыз, сізге автоматты түрде айыппұл келеді. Осылайша жеңіл көліктер мен автобустың орташа жылдамдығы бірдей болады деп ойлап отырмыз. Соның әсерінен халық қайта автобусқа өте ме деген ой», - деді ол.

Министр InDriver сияқты агрегаттардың қызмет аясы шектелуі мүмкін екенін айтып қалды.

«Екінші ұсыныс кейбір елдердің тәжірибесімен байланысты. Басқа елдерде InDriver сияқты агрегаттар қалалардың арасында қатынауға хақысы жоқ. Мысалы, 50 шақырымнан алыс аралыққа жолаушы тасымалдауға шектеу қойылуы мүмкіндік. Сондай істейміз бе деген ұсыныс бар. Бұл нақты шешім емес. Ұсыныс қана. InDriver арқылы жұмыс істеп жүрген жергілікті жігіттер «табысымыздан қағыламыз» деуі мүмкін. Бұл болмаса, басқа талаптар қоюымыз керек. Өйткені жол апатының көбі жылдамдықты асырудан немесе көлік жүргізушінің бір қаладан екінші қалаға жеткен соң ұйықтамай, тағы да жолға шығып кетуінен болады. Оны біржақты шешу қиын. Сондықтан жан-жақты талқылай отырып шешім қабылдаймыз деп ойлаймын», - деді Марат Қарабаев.

Өз кезегінде жолаушы тасымалдайтын компания көлік министрлігінің «inDrive-қа» 50 шақырымнан артық қашықтыққа қатынауға тыйым салатыны туралы мәлімдемесіне жауап берді.

Олардың айтуынша, көлік министрлігі бұл мәселені жүргізушілермен бірге отырып талқылауы керек еді. 

«inDrive сервисі Қазақстан нарығында 10 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Осынша уақытта біз реттеуші органдардың талаптарын қатаң сақтап келеміз. Қазіргі күні inDrive сапарлас жолаушыларды іздеудің ең кең тараған онлайн-қосымшасы болып отыр. Мұндай сапардың басты артықшылығы — жүргізуші жолаушыны оған ыңғайлы кез келген уақытта, өзара келіскен жолақыға кез келген қалаға жеткізеді. Қалааралық сапарлардың арақашықтығына шектеу қою көптеген жүргізушілер мен жолаушыларға әсер етеді, бұл мәселені нарықтың барлық қатысушылары ҚР Көлік министрлігімен бірлесе отырып шешу керек деп есептейміз», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары