Нұрсұлтан Назарбаев: Үшінші жаңғырту – бүкіл мемлекет үшін басты мәселе

Нұрсұлтан Назарбаев: Үшінші жаңғырту – бүкіл мемлекет үшін басты мәселе

Нұрсұлтан Назарбаев:  Үшінші жаңғырту –  бүкіл мемлекет үшін басты мәселе
ашық дереккөзі
409
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды және Ақмола облысына келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Отырыс барысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинді таныстырды. Елбасы жиын басында облыстың экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. «Тәуелсіздік алғаннан бері бұл өңірдің экономикасы 23 есе өсті, индустрияландырудың 72 нысаны іске қосылды. Облысқа соңғы 5 жылда 1,7 триллион теңге инвестиция салынды. Апатты жағдайдағы мектептер жойылып, үш ауысыммен білім беру мәселесі шешілуде. Жол картасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар елдегі саяси реформалар үдерісіне ерекше назар аударылып, президенттік вертикальді сақтаудың аспектілерінің және мемлекеттік биліктің барлық тармағының жауапкершілігін арттырудың маңыздылығы аталды. Сондай-ақ, бірқатар өзекті міндеттерді орындауды тапсырды. «Инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызу керек. Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» критерийі бойынша 35-орынды иеленіп отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш, алайда бізге ең әуелі өңірлердегі жұмысты жалғастыру қажет. Біз бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша облыстардың арнаулы рейтингін жасап, жыл сайын индустрияландыру күні табыс етілетін атаулы сыйлық тағайындаймыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кәсіпкерлік аясын кеңейту, мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлесті арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыру арқылы өнеркәсіп секторын инновациялық тұрғыдан дамыту шараларына назар аударды. «Біз бәсекеге қабілетті экспорттық кәсіпорындарға негізделген индустрияландыруды жалғастыруға тиіспіз. Тауар жеткізу, қызмет көрсету және оларды тұтыну жөнінен жаһандық жүйеден орнымызды табуымыз қажет. Бұл мақсатқа трансұлттық компанияларды тарту арқылы қол жеткізе аламыз», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әкімдер мен даму институттары басшыларының алдына отандық кәсіпорындарды одан әрі дамыту үшін инвесторлармен жұмысты жандандыру міндетін қойды. «Үшінші жаңғыру – бұл барлық әкімдіктер үшін, бүкіл мемлекет үшін күн тәртібіндегі басты мәселе. Өткен жылы Қарағанды ​​облысына құйылған инвестиция 12 пайызға төмендеген. Облыста кәсіпкерлікті дамытуды, сенімді басқару мен қызмет көрсету келісімшарттарын қолға алу керек. Қарағанды ​​– еліміздің экономикалық дамуының басты қозғалтқышы», − деді. «Мәслихатқа жаңа әкім Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсындым. Ол өзі – қарағандылық. Оның тәжірибесі Қарағанды облысының түйткілді мәселелерін шешуге көмектеседі деп үміттенемін», – деді Елбасы. Сондай-ақ бұған дейін облыс әкімі болған Нұрмұхамет Әбдібековке алғысын білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы Ақмола облысында да облыс активімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Соңғы мәліметтер бойынша, облыста өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, инвестициялар тарту көлемі, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы жөнінен өңір экономикасы дами түскен. «Ауқымды үш дағдарысты бастан өткерсек те, еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалдық және әрі қарай дамып келеміз. Экономикалық қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік беретін ұлттық қор жинақтай алдық. Енді алдымызда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатына қол жеткізу үшін «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауды іске асыру аясындағы жаңа міндеттер тұр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы әлемнің жаңа нақты ахуалы жағдайында технологиялар қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін жаңа білім мен мүмкіндіктерді қолдану қажеттігін атап өтті. «Таяу жылдары Қазақстанда 7 мың шақырым автомобиль жолдары салынатын болады. Өңірлердің барлығы жоғары сапалы магистральдар арқылы байланысады. Олар балаларымыз бен немерелеріміз үшін мәңгілікке қалады. Сондай-ақ, әуежайлар қалпына келтірілуде. Каспийде 2 теңіз порты салынуда. Елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар жаңаша тәсілдерді қолдануды қажет етеді», – деді Мемлекет басшысы. Елбасы кездесуге қатысушыларға жергілікті мәслихаттың кезектен тыс сессиясында кандидатурасы мақұлданған облыстың жаңа әкімі Мәлік Мырзалинді таныстырды. Мемлекет басшысы М.Мырзалинге облыстың ауыл шаруашылығы секторын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперативін құру, ғылыми әлеуетті пайдалану арқылы өнімділікті арттырып, ауыл шаруашылығына шағын несие бөлу, шағын және орта бизнесті жандандыру арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын айтты. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында пайдаланылатын облыстың туристік әлеуетін ерекше атап өтті. Биыл әлемдік экономика дағдарыстан шығудың бірнеше жолын қарастыруда. Нәтижесінде экономикалық өсім 3,4 пайызға өсуі тиіс, ал Қазақстан ЖІӨ көлемін – 2,5 пайызға өсіруді көздеп отыр. Осы міндеттерді жүзеге асыруда облыстардың экономикалық өсімін қамтамасыз ету мақсаты қойылған.  

Серіктес жаңалықтары