10 жылда 40 кітап жазған

10 жылда 40 кітап жазған

10 жылда 40 кітап жазған
ашық дереккөзі
Түркіменстан билігі елдің барлық министрліктері, мемлекеттік мекемелерін, корпорация мен бірлестіктерінен зейнет жасына келген қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығара бастады. Гурбангулы Бердымұхамедовтің 2016 жылғы 4 қарашадағы үкімет отырысында айтқан тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан шара елдегі әлеуметтік ахуалды шиеленістіруі мүмкін. «Түркіменстанның балама жаңалықтары»  басылымы жуырда Түркіменстанның туризм жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы Сердар Чолуковтың қолы қойылған бұйрықты жариялады. Өзі басқаратын ведомствоға қарасты барлық мекемелердегі зейнет жасына жеткен қызметкерлерді жұмыстан шығаруды міндеттеген министр тиісті құжатқа өткен жылдың 23 қарашасында қол қойған. Құжатта С.Чолуков мекеме басшыларына жұмысқа туризм саласы бойынша жоғары білімі бар, шет тілдерін білетін азаматтарды ғана шақыруды әрі өндірістік құрылымдардағы жұмыс өнімділігі нашар қызметкерлерге талапты күшейтуді тапсырған. Гурбангулы Бердымұхамедовтің 2016 жылғы 4 қарашадағы тапсырмасын алға тартқан министр зейнет жасына жеткен қызметкерлерді еңбек демалысына шығарып салу жұмыстарын жедел қолға алу керегін ескертіпті. Жұмыстан шығарылған зейнеткерлердің жалпы саны туралы мағлұмат жоқ. Алайда ақпарат көзінің хабарлауынша, елдің әрбір аймағында және мемлекет астанасында туристік сала тәжірибесі әрі білім-білігі мол 30 мың қызметкерді жоғалтқан. Мемлекеттік құрылымдардағы жаппай қысқарту тек зейнеткерлерге қатысты емес. 2016 жылдан бері елдің мұнай-газ саласындағы кәсіп­орындарда жұмыс орындарының саны айтарлықтай кеміген. «Түркіменгаз» және «Түркіменмұнай» концерндерінің жүздеген қызметкері жұмыссыз қалды. Бұған кәсіпорын тапсырыстарының күрт кемуі себеп. Қаржылық жағдайы қиындаған концерндер қызметкерлеріне жалақы төлей алмай отыр. Сондықтан жұмысшыларының біразын жұмыстан босатса, тағы бір тобын ақысы төленбейтін демалысқа жіберуге мәжбүр. Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары жұмыссыз қалған адамдардың жағдайы туралы жақ ашпайды. Жергілікті газеттер мен телеарналар оқырман мен көрермен қауымды мемлекет экномикасы ақалтеке тұқымдас сәйгүліктің жылдамдығымен дамып келе жатқанына сендіруде. Соңғы жылдары елдегі жалақы мен зейнет­ақы көлемі тұрақты түрде 10 пайызға көбейіп келеді. Алайда мемлекет тұрғындары жалақының артуымен бірге жыл сайын азық-түлік пен қызметтердің ақысы да екі-үш есе қымбаттайтынына шағымданады. Түркіменстан – аймақтағы зейнетақы көлемі ең аз мемлекет. 2015 жылы жарияланған деректерге сүйенсек, Түркіменстан азаматтары зейнетке 62 жаста шығады. Алайда ресми статистика ел тұрғындарының көпшілігі зейнетақысын алып үлгермейтінін көрсетіп отыр. Түркіменстан халқының орташа өмір сүру ұзақтығы – 61 жас. Жергілікті сарапшылар зейнеткерлердің жаппай жұмыстан шығарылуы елдегі әлеуметтік жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін деп алаңдайды. Өйткені жастар арасында жұмыссыздық белең алғандықтан, көп отбасыларда үлкен кісілердің тапқан табысы негізгі кіріс көзі болып отыр. Бірнеше жылдан бері терең дағдарыстан шыға алмай келе жатқан мемлекетте ІЖӨ көлемі 2012 жылы 14,7 пайыз болса, 2016 жылы 6,2 пайызға құлдыраған. Түркіменстандағы жұмыссыздар саны елдегі еңбекке жарамды азаматтардың 50 пайызына тең. Қызметкерлерді қысқарту жұмыстары әзір тоқтамайтынын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де арта түсуі ғажап емес. Қазір түркіменстандықтар Түркіменбашы тұсында енгізілген жеңілдіктер – жарық, газ, су мен тұзды тегін пайдалану құқығынан және жанармайды жеңілдікпен алу мүмкіндігінен қағылған. «Түркіменстандағы экономикалық ахуал өте күрделі. Бұл мұнай бағасының құлдырауы мен елдің Қытайға берешегінің көбеюіне байланысты», – дейді Мәскеу мемлекеттік халық­аралық қатынастар институты жанындағы Халықаралық зерттеулер институтының Сараптама орталығының директоры Андрей Казанцев. Сарапшының айтуынша, Түркіменстанның Қытайға көгілдір отын сатуынан түсетін қаржы Пекинге берешекті өтеуге бағытталады. Өйткені Түркіменстан-Қытай газ құбыры Қытай инвестициясына салынып жатқан жоба емес, Аспан асты елінен мемлекеттік қарыз ретінде алынған қаржыға салынып жатқан нысан ретінде рәсімделген. Яғни, Қытайға жөнелтілетін газдан түркімен қазынасына көк тиын да түспейді. Түркіменнің көгілдір отынын тұтынатын тағы бір мемлекет – Иран Ашхабадпен бартер жүйесі бойынша есеп айырысады. Ал Түркіменстаннан жыл сайын 40 млрд текше метрден астам газ сатып алатын Ресей бастапқыда тапсырыс көлемін 10-12 млрд текше метрге дейін кемітіп, кейін түркімен отынынан түбегейлі бас тартты. Транскаспий құбыры мен TAPI (Түркіменстан–Ауғанстан–Пәкістан–Үндістан) құрылысы туралы жоспарлар әлі қағаз бетінен ұзаған жоқ. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, шығармашылыққа барынша ден қойған мемлекет басшысы Г.Бердымұхамедовтің елдің әлеуметтік ахуалына бас ауыртуға уақыты жоқ. Бір ғана 2016 жылы президент 7 кітабын жариялап үлгерді. Ел басқарған 10 жылдың ішінде ол 40 кітап жазған. Әдебиетте із қалдыруды негізгі міндетім деп білетін президент халқын тұйықтан шығаруға асықпайтын сияқты.