Байқоңырда қос азаматтықпен тұрған 18 жастағы қыз ұсталды
Тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБК-нің 496-бабы 2-бөлігімен 200 АЕК (738 400 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызылорда облысында қос азаматтықпен жүрген шетелдік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Шілде айында ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің көші-қон қызметінің қызметкерлері құжаттарды тексеру кезінде белгіленген мерзімде Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны туралы хабарламаған Байқоңыр қаласының тұрғыны, 18 жастағы қызды анықтады.
– Шетелдіктен Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі алынды. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу тіркелді. Тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБК-нің 496-бабы 2-бөлігімен 200 АЕК (738 400 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, ҚР Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейді. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда, көші-қон қызметі бөлімшелерін алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде хабардар ету қажет.