Орал қаласының әкімі қызметінен кетті
"Денсаулығым сыр беріп, қызметтен бұдан бұрын кетуді ойлап жүргенмін."
Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қызметінен кетті. Бұл жөнінде ол Instagram-дағы жеке парақшасында хабарлады.
"Бүгін Орал қаласының әкімі қызметінен кеткенімді хабарлаймын. Мен үшін бұл қызметте екі жылдан астам оралдықтармен қоян-қолтық жұмыс жасау үлкен мәртебе болғанын айтқым келеді.
Денсаулығым сыр беріп, қызметтен бұдан бұрын кетуді ойлап жүргенмін. Алайда көктемде қаламызда су тасқыны орын алып, мұндай қиын кезеңде жұмыстан шыға алмадым. Осылайша өз міндеттерімді әріптестеріммен бірге жалғастыра бердім.
Біз барша оралдықтармен бірге үлкен жұмыс жасадық деп ойлаймын. Тек көктемгі су тасқынымен күресіп, оның салдарымен айналысқан кезде ғана емес, сонымен бірге екі жыл бойы сүйікті қаламызды одан әрі көркейтуге тырыстық. Бұл - туған жеріне жанашыр әр азаматтың өлшеусіз еңбегі.
Қазір барлық салаларда жұмыс жолға қойылған. Жаңадан тағайындалатын қала әкімі ағымдағы жағдайды жедел түсініп, жұмысты жүйелі жалғастыратынына, ал болашақта шаһарымыз үшін жаңа жобаларға бастамашы болатынына сенемін. Оның үстіне, сіз, менің қымбатты жерлестерім, оң бастамаларды әрдайым қолдауға дайынсыздар.
Әріптестеріме және құрметті оралдықтарға сенім білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын", – делінген жазбада.