Париж Олимпиадасына баратын балуанға жерлестері көлік мінгізді

Федерация өкілдері Мейрамбек Қартбайға көлік сыйлап, спортшының бапкерлеріне де сый-құрмет көрсеткен.

Париж Олимпиадасына баратын балуанға жерлестері көлік мінгізді
instagram/wrest_aktobe
701

Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайтын еркін күрес шебері Мейрамбек Қартбайға жерлестері көлік мінгізді.

Мейрамбек Қартбайға жаңа көлік мінгізген – Ақтөбе облыстың грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті әрі меценат Данияр Ғалиханов. Ал спортшының қазіргі бапкерлері Шоқан мен Дархан Ділмағамбетовтерге бір миллион теңге сыйақы табысталды. Спорт саласының мамандарын марапаттауға Ақтөбе облыстық фермерлер орталығы да атсалысқан.

Еске салсақ, 2023 жылы әлем чемпионатында Мейрамбек Қартбай бесінші орын алған еді. Ол Олимпиада жолдамасы үшін таласта ресейлік спортшы Заур Угуиевке есе жіберген болатын. Бірақ күрес түрлерінен Ресей құрамасы Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартқаннан кейін Олимпиада лицензиялары қайтадан үлестірілді. Осылайша Мейрамбек Қартбай лицензияға ие болды. Қазақстандық балуан Париждегі бәсекеде 57 кг салмақта белдеседі.

Айта кетейік, 26 шілдеде басталатын Олимпиада ойындарында еркін күрестен 4 спортшы ел намысын қорғайды. Олар: Мейрамбек Қартбай (57 кг), Азамат Дәулетбеков (86 кг), Әлішер Ерғали (97 кг) және Юсуп Батырмұрзаев (125 кг).

Серіктес жаңалықтары