Ақтөбеде ер адам итті көпқабатты үйдің кіреберісінде бауыздаған

Үй жануарына еріктілер көмектесті.

Ақтөбеде ер адам итті көпқабатты үйдің кіреберісінде бауыздаған
Фото: Диапазон
730

Ақтөбеде ер адам итті тұрғын үйдің кіреберісінде пышақпен бауыздаған. Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Еріктілер Людмила мен Салтанат итке көмектесуге барғанымен, полиция оны бір сағаттай бермеген.

"Бізге Қарлығаш есімді қыз хабарласып, Рысқұлов көшесінде ит бауыздалғанын, оның тірі екенін айтты. Оқиға орнына тез арада бардық. Бүкіл жер қан болды. Ол жерде қөмек сұраған қыз, полиция қызметкерлері мен итті бауыздаған ер адам болды. Ол үйінің есігін ашпай жатыр екен. Біз итті алып кеткіміз келді. Алайда полиция тергеу жүріп жатқанда бере алмайтынын айтты. Бірақ ит көп қан жоғалтты, оған шұғыл көмек керек болды”, – дейді ерікті. 

Еріктілер полицейлердің әрекетіне қатты ашуланғанын жеткізді. Олар итті бермей, әйелдермен сөзге келген. Еріктілер итке көмектесу үшін ветеринарды шақырған екен.

“Оқиға орнына ветеринар Бақтиярды шақырдық. Ол ауырсынуды басатын дәрі берді. Сол кезде Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері келді. Олар есікті ашқанда ер адамның қолында пышағы болды. Ол мас екен. Итті не үшін бауыздағанын білмейміз, мүмкін жегісі келген шығар”, – дейді ерікті. 

Итті бір сағатқа созылған ұрыс-керістен кейін алдық. Сосын ветеринарлар иттің жарасын тігіп, көк тамырдан ине салды. Итке Фортунелла деген есім берілді.

“Ол өзі тамақ ішеді. Еріктілер оған үй іздеп жатыр! Ит мейірімді әрі жұмсақ. Басынан өткен оқиғадан кейін итті көшеге жіберуге қорқамыз”, – деді ерікті. 

Полицейлердің мәліметінше, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 316-бабы (Жануарларға қатыгездiкпен қарау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Итті еріктілер ветеринарлық орталыққа жеткізіп, қажет көмекті берді. Қылмыстық тергеудің барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Серіктес жаңалықтары