18 рет пышақ салған: Заңгер Айман Асанованың ағасы оның бұрынғы күйеуінен 50 млн теңге талап етті

"Оның әжесі мен әкесі уайым-қайғының салдарынан қайтыс болды"

18 рет пышақ салған: Заңгер Айман Асанованың ағасы оның бұрынғы күйеуінен 50 млн теңге талап етті
Фото: Facebook / Гульнара Жуаспаева
595

Алматыда марқұм заңгер Айман Асанованың ағасы оның өліміне кінәлі деп танылған бұрынғы күйеуінен 50 млн теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру үшін сотқа жүгінген, деп хабарлайды  turkystan.kz Жоғарғы сот Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.

"Қайтыс болған әйелдің ағасы қойған талабында әпкесінің өлімі оған және барлық жақындарына ауыр қайғы-қасірет әкелгенін атап көрсетті. Оның әжесі мен әкесі уайым-қайғының салдарынан қайтыс болды. Ол отбасына келтірілген моральдық зиянды 50 млн. теңгеге бағалады.

Жауапкердің өкілі қойылған талапты мойындамай, әйелдің өліміне кінәлі адамға қылмысы үшін жаза қолданылғанын – оның 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын және қойылған талапта көрсетілген соманың қолында жоқ екенін атап көрсетті.

Сот қойылған талапты ішінара қанағаттандырды. 

Парасаттылық пен әділдік талаптарын басшылыққа ала отырып, талап қоюшының пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 10 млн. теңге өндірілді", делінген жазбада.

Еске сала кетейік, белгілі заңгер Айман Асанова 2022 жылдың 12 қазанында көптеген пышақ жарақатынан медициналық мекемеде қайтыс болды. Ал кейін адвокат әйелді өлтірді деген күдікпен оның бұрынғы күйеуі ұсталды.

Серіктес жаңалықтары