TÚRKISTAN шетелдегі қазақ балаларына Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасы бар қойын дәптерді тарту етті

Лагерьге 7 елден келген 255 қандас балалар қатысты

TÚRKISTAN шетелдегі қазақ балаларына Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасы бар қойын дәптерді тарту етті
1035

«IQanat High School of Burabay» мектебінде «Отандастар қоры» Бурабайда ұйымдастырған «Jas Qazaq» жазғы этно-лагерінің 4 ауысымының салтанатты жабылуы өтті.

Бұл ерекше іс-шараға Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Иран, Оңтүстік Корея сынды 7 елден келген 255 қандас балалар қатысты. Екі апта бойы олар Бурабай баурайында демалып, қазақ тілі мен тарихынан білімін шыңдап, қазақ салт-дәстүрлерін үйренді. Лагерь бағдарламасына қазақ тілі және тарихы сабақтары, домбыра тарту, садақ ату, киіз үй құру, асық ойындары, атпен серуендеу сияқты ұлттық сипаттағы үйірмелер енгізілген болатын.

Лагерьдің жабылу салтанатында балалар өздерінің ерекше өнерлерін көрсетіп, соңғы сәттерін есте қаларлықтай өткізуге тырысты. «Айгерім» би ансамблі «Ақбаян» биін орындаса, «Балауса» тобы «Сарыжайлау» әнін шырқады. Сонымен қатар, «Адай» және «Балбырауын» күйлері тартылып, зор қошеметке ие болды.

«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров өз сөзінде жобаның үлкен сұранысқа ие екенін атап өтіп, алдағы уақытта оның ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

«Биыл лагерге 12-17 жастағы 250 бала келді. Бұл жобаны төртінші жыл өткізіп жатырмыз. Болашақта балалар санын одан да ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бір маусым 2 апта, екі маусым жасаймыз деген ойымыз бар. Балалардың санын көбейтеміз, себебі шеттегі ағайындардан сұраныс өте көп», – деді Д.Қадыров.

Лагерь барысында қатысушылар өнер, білім, шығармашылық, спорт байқауларында, тәртіп пен алғырлық жағынан түрлі сайыстарға түсті. Бәсекеге толы жарыстар нәтижесінде «Қызыл орда» үздік деп танылып, орда мүшелеріне медаль мен мадақтама табысталды.

«Отандастар қоры» мен TÚRKISTAN халықаралық газеті бірлесіп ұйымдастырған эссе байқауының жеңімпаздары лагерге жолдама алған болатын. Газеттің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы арнайы келіп, жеңімпаздарды құттықтап, оларға Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасы қойылған блокноттарды сыйға тартты. Бұл балалар үшін ерекше қуанышты сәт болды.

Теміртау мәдениет сарайының шығармашылық ұжымы арнайы келіп, лагерь қатысушыларына әсем әндер мен күйлер орындап, патриоттық рухты көтерді. Олардың өнері балалардың көңілінен шықты.

«Отандастар қоры» жанынан құрылған «Еріктілер ассоциациясының» мүшелері Санжар мен Аруна биыл лагерьге ерікті ретінде қатысты. Өткен жылы олар бұл лагерьге қатысушы ретінде келген болатын. Еріктілер «Үздік ерікті» номинациясымен марапатталды.

Серіктес жаңалықтары