Менің атым – Астанай

Астанай Темірова Атырау облысы Индер ауданы Елтай ауылының тумасы.

Менің атым – Астанай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
885

Қазақстанда Астана есімді 26 адам тұрса, оның 18-і ер, 8-і әйел. Бұл ретте елорда құрметіне 17 адамға Астана есімі берілген, қалғандарына 1998 жылға дейін осы есім қойылған.

Сондай-ақ есімінде «Астана» сөзі кездесетін қазақстандықтар да бар. Бұл қыздар арасында Астанай және ұлдар арасында Астанали, Нұрастана сияқты есімдер. Бас қаланың мерейтойы қарсаңында елордамен аттас атыраулық Астанай Теміровадан сұхбат алған болатынбыз.

Кейіпкеріміздің айтуынша, оның дүниеге келуі тікелей тарихпен байланысты. 

«Себебі 1998 жылы 10 маусымда ел болып елордамыздың тұсаукесер тойын тойлап жатқан кезде мен дүние есігін ашқан екенмін. Сол күні перзентханадағы анама ауданға танымал азамат,туысқан құдамыз Мақсым Елеуов деген кісіден ашық хат келіпті. Хатта: «Құрметті Темір-Рая дүниеге келген перзенттеріңнің есімін елордамызбен бірге өссін, өркендесін деген ниетпен «Астанай» деп қоюды міндеттемеймін, ұсынамын», – деген екен. Сосын ата-анам алғашқыда қызық көріп, кейіннен əжемнің келісімімен осы ерекше есімнің иесі атандым», - дейдіол.

Астанай Атырау өңірінде өмірге келген. Кейін болашағын елордамызбен байланыстырамын деп шешкен. 

«Мен Атырау облысы Индер ауданы Елтай ауылының тумасымын. Сол ауылда 8 сыныпқа дейін білім алып, 9-11 сыныпты Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған кіші Өнер академиясында оқып, аяқтадым. Жоғары оқу орнын Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унисерситетінде «журналистика және саясаттану» факултетін тәмамдадым. Оқуымды тәмамдаған соң, еңбек жолымды облыстық телеарнада, Өңірлік коммуникациядар қызметінде редактор маманы болып, Атырау қаласына тұрмысқа шығып, қазір декреттік демалыстамын. Анам ауылда аға-жеңгеммен тұрады, әкем 9 жыл бұрын бақилық болған», - дейді ару.

Ол есіміне қатысты әртүрлі келеңсіз немесе қызық жағдайлар болып қалатынын жасырмады. 

«Есімімді айтқанда таңданбай қалса, өзім таңқалам.Қызық оқиғалар көп орын алып жатады. Əсіресе тіркеуге тұрғанда, құжат тапсырғанда, қабылдаушылар «Мен сізден қалаңызды сұраған жоқпын, екі-үш рет сұрадым сонда да əдейі істеп тұрсыз ба?» деп жекіп жатады, мен ондай кездерде куəлік көрсетіп құтыламын. Немесе танысқанда есімім Астанай десем сеніңкіремей қайтадан «расымен шын есімің кім?» деп сұрайтындар да кездесті. Жалпы мен кез келген жерде куəлікпен жүруге мəжбүрмін, себебі сенбейтіндер көп», - дейді Астанай.

Серіктес жаңалықтары