«Айырылып қалмайықшы»: Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне үндеу жасады
Кәсіпқой боксшы бәс тігу мен құмар ойындардан аулақ болуға шақырды.
Орта салмақ дәрежесіндегі WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегі алдында жанкүйерлеріне үндеу жасап, бәс тігу мен құмар ойындардан аулақ болуға шақырды.
«Інілер, құрметті жанкүйерлер. Бұйыртса 13 шілде жекпе-жегім. Екі бірдей чемпиондық титулды қорғаймыз. Әдеттегідей іні-бауырларды ставка тікпеуге шақырамын. Сіздер маған қандай жанкүйер болсаңыздар, мен де сіздердің бақытты өмір сүрулеріңіздің жанкүйерімін.
Шаңырақтарыңыз шайқалмағанын қалаймын. Қарызға батып қиналмаса деймін. Құмар ойын – жамандық! Әр жамандық бақытсыздыққа бастайды.
Сондай-ақ қазір әртүрлі спорттық ойындар өтіп жатыр. Жеңіл ақшаны көздеп, нәпсіге еріп берекеден айырылып қалмайықшы. Отбасыларыңыз аман болсын!», - деп жазды Әлімханұлы.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 13 шілдеде Ресей тумасы, Жаңа Зеландияның атынан шығатын Андрей Михайловичпен жұдырықтасады. Жекпе-жек Лас-Вегастағы (АҚШ) Palm Casino Resort аренасында өтеді.