Ақтөбеде баланың өмірін сақтап қалған полицейді Антикор ұстады

Ұсталған полицей уақытша ұстау изоляторына жіберілген.

Ақтөбеде баланың өмірін сақтап қалған полицейді Антикор ұстады
Фото: Aqtobe_sergek парақшасы

Ақтөбеде эпилепсия талмасы ұстап қалған тоғыз айлық балаға көмектесіп, желінің жұлдызына айналған полицейді антикор ұстады, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Эпилепсиялық талмасы ұстап қалған 9 айлық баланы ата-анасы ауруханаға апара жатқанда кептеліске тіреліп қалған. Баланың әкесі қиылыстағы патрульдік полиция қызметкерлерінен баланы дәрігерлерге жеткізуге көмектесуін өтінді. Полиция қызметкері Батыр Николаев отбасын көлігіне отырғызып, жедел жәрдем ауруханасына жеткізіп, баланың өмірін сақтап қалды.

Бірақ кеше белгілі болғандай, "Батыс-2" шағын ауданында полицей Батыр Николаевты антикор ұстаған. Бұл туралы Aqtobe_sergek әлеуметтік желісінде хабарлады.

“Дереккөздің айтуынша, учаскелік инспектор есірткі таратқан деген күдікке ілінген ағайынды екі жігіттің әрекетін жасырған", –делінген хабарламада.

Жергілікті полиция қызметкерінің ұсталғаны туралы жазбаның астына ақтөбеліктер полицейді қолдайтын пікірлерін жаза бастады. Желідегілер оның қылмыс жасауы мүмкін дегенге сенбейді.