Қазақстандық жанкүйерлер әйгілі кубалық боксшыға шапан жапты

Алексис Рубалкаба Түркістан облысында өтіп жатқан халықаралық бокс турниріне құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Қазақстандық жанкүйерлер әйгілі кубалық боксшыға шапан жапты
скриншот

Қазақстанға арнайы қонақ ретінде шақырылған әйгілі кубалық боксшы Алексис Рубалкабаға қазақстандықтар шапан жауып, құрмет көрсетті.

Алексис Рубалкаба Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтың құрметіне орай Түркістан облысында өтіп жатқан жастар арасындағы халықаралық бокс турниріне құрметті қонақ ретінде шақырылған еді. Жарысты ұйымдастырушылар Рубалкабаға құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен шапан кигізді.

Түркістан облысы спорт басқармасының ақпаратына сүйенсек, бокс турниріне Қазақстаннан бөлек Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Қырғызстан мемлекеттерінен спортшылар қатысып жатыр. Осы бәсекеде топ жарған қазақстандық боксшылар ұлттық құрамаға шақыртылып, Хорватияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Еске салайық, 2000 жылы Сиднейде (Аустралия) өткен жазғы Олимпиада ойындарында Мұхтархан Ділдәбековтен жеңілген әйгілі кубалық боксшы Алексис Рубалкаба Қазақстанға келгенін жазған едік. Қос боксшы араға 24 жыл салып қайта кездесті.