«Бір-ақ себебі бар»: «Меломен» әншісінің бұрынғы әйелі соққыға жығылған видеосын жариялады

Бейнежазбада блогер мұрны, беті мен ерні ісіп тұрғанын айтып жатқанын көруге болады. Айтуынша, мұрнынан қатты қан ағып, артынан ауруханаға барған.

«Бір-ақ себебі бар»: «Меломен» әншісінің бұрынғы әйелі соққыға жығылған видеосын жариялады
скриншот
677

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болдым деген «Меломен» әншісі Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі Нұрила Ақберген отбасылық өміріне қатысты өз шындығын айтты.

Ол Instagram-дағы парақшасында «соққыдан алғаннан кейінгі» видеосын жариялады.

Бейнежазбада блогер мұрны, беті мен ерні ісіп тұрғанын айтып жатқанын көруге болады. Айтуынша, мұрнынан қатты қан ағып, артынан ауруханаға барған.

«Мынау қан. Мұрным қатты қанады. Оны бас киіміммен сүрттім. Ернім мен мұрным ісіп кетті. Бетім ауырып тұр. Ол мені ұрды. Сосын кешірім сұрап, қазір мешітте намаз оқып жатыр. Қазіргі уақытта түрім осындай. Мұрнымды түсіріп, тексеріп көрейін деп келдік», - деді Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі видеода.

Сонымен қатар Нұрила Ақберген отбасылық өмірі туралы жан сырын ақтарды. Ол жолдасы екеуінің арасында қандай түсініспеушілік болғанын айтты.

«Маған хайп керек болса, ұрған кезінде шу шығаратын едім. Ажырасып жатқанда айқай салатын едім. Егер осы күнге дейін үндемей келсем, айтып жатқандарым өтірік деген сөз емес. Үндемегенімнің бір-ақ себебі бар - балаларым. Оларға әке керек, әкенің жылуы мен махаббаты керек. Қыздарына әке қорғаныш болмағанда, кім болады? Осы ойлармен ат жібін мен жақтан айқай шусыз үзіскен болатынбыз. Осы уақыт аралығында қаншама жағдайлар болды, бірін де айтпадым, сенесіздер ме? Айтпағаным балаларымның әкесінің мықты әке болып жатқанынан емес. Менің мықтылығымнан емес. Ортадағы балалар қиналмасыншы, әке деп аңырап қалмасыншы деген ниет. Сөйтсем, әйел деген көмпіс, көнгіш, сабырлы келеді екен. Қалай отбасы болған кезімізде көнсем, сосын да көніп жүре беріппін. Бірақ, ажырасқаннан кейінгі түсінген дүнием, балаларыма жай ғана «әке» деген аты емес, заты керек екен. Ай сайын тәрбиесін жүргізу керек әкені көрмедім, сол үшін ұрыстық та... Шаршадым шыны керек», - деп жазды блогер.

Әншінің экс-әйелі бір рет қол көтерген адам тағы да ұратынын айтып, өзге қыз-келіншектерге ақылын айтты.

«Әйел адамға, арқа сүйер еркек керек екен. Күйеуіңнің бары не, жоғы не білінбейтін, одан ары таяқ жеп отыратын отбасы атынан садақа кетейін. Менің балаларым қан жоса боп, мұрным сынып, көгеріп, быт-шытым шығып отқан шешесін көріп өскенін қаламадым. Өзгерер деп Аллаға да сан рет тапсырдым. Бірақ, өзгергісі келмейтін адамнан үміт күтіп не керек? Қинап өзгерте алмайтын болған соң, денсаулығым одан бетер жапа шекпей тұрып кетейін деп шештім. Иә, тұрмысқа шығарда «отбасымды бақытты қыламын» деген ұранмен шыққам. Ажырасарда «ай мен күн жарықта жолымды табайын» деп кеттім. Отбасымды бақытты ету менің қолымда емес екен, қыздар. Мүлдем әйелдің қолында емес екен. 5 жыл тырмысқан менен сұрасаңдаршы. Бір ұрған адам қанша жылап кешірім сұраса да ұра береді екен. Отбасымнан кешірім сұрап, өзгеремін деген соңғы сертін берген адам уәдесінде тұрмады, енді не істей аламын? Сенсең де, сенбесең де осы, сіңілім, әпкем», - деп жанайқайын жеткізді ол.

Серіктес жаңалықтары