"Мұндай қарызбен теміржол саласын дамыту мүмкін емес": 10 жылда ҚТЖ-ның қарызы 212,7 пайызға өскен
Осы кезеңде компания 283,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттен субсидия алған.
«Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы компаниялар тобының қарызы 10 жылда 928 млрд теңгеден 2,9 трлн теңгеге дейін өскен немесе 212,7%-ға ұлғайған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында жасаған баяндамасында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл ретте кредиттік портфель көлемінің 45%-ы (1,3 трлн теңге) бұрын қабылданған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған. Қарызды қарыз алу арқылы жабу әдетке айналып бара жатыр. Бұл тиімсіз шара. Өйткені, акционерлік қоғамның 2014-2023 жылдардағы валютамен алған қарызы бойынша бағамдық айырмадан келген залал 765 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар, 2018-2024 жылдары алынған кейбір қарыздың жылдық банктік ставкасы шамамен 17%-18% болған. Мұндай қарызбен қарызбен теміржол саласын дамыту мүмкін емес, – деді депутат.
Сондықтан ол қарызды азайтудың жолдарын қарастырып, қаражатты тиімді пайдалану керек екенін жеткізді.
Сондай-ақ 2014-2023 жылдар аралығындағы «ҚТЖ» табысы мен өзге де кірістері 881,3 млрд теңгеден 1,9 трлн теңгеге дейін ұлғайған немесе 119%-ға өскен. Осы кезеңде компания 283,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттен субсидия алған. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, 2014-2023 жылдарда қызметінің нәтижесінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының өтімділігі (активтердің міндеттемелерге қатынасы) 117%-дан 53%-ға дейін азайған.
Сондықтан, акционерлік қоғамға қаржылық және басқарушылық жаңғырту қажет екені анық. Бұл тарифтік саясатты қайта қарау, активтер мен процестерді басқару жүйесін цифрландыру арқылы іске асырылуы мүмкін, – деді Нұртай Сабильянов.