Азия чемпионы жеңісін мерзімінен бұрын тойлаймын деп, Олимпиада жолдамасынан қағылды (ВИДЕО)

Бастапқыда төрешілер бұл әдісті есепке алмай қойды, алайда Орта мен оның бапкерлері протест жасады.

Азия чемпионы жеңісін мерзімінен бұрын тойлаймын деп, Олимпиада жолдамасынан қағылды (ВИДЕО)
salamnews.tm
2701

Ирандық балуан Сайед Эсмаейли Лейвези Будапешт (Венгрия) қаласында күрес түрлерінен өткен рейтингілік турнирдің жартылай финалында ойламаған жерден жеңіліп қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

67 келіде белдесетін Азия чемпионы Сайед Эсмаейли Лейвези кубалық Луис Ортаны 7:5 есебімен жеңіп келе жатқан болатын. Алайда кездесудің аяқталуына небары 3-ақ секунд қалғанда екеуі белдеспей қойды. Сол кезде ирандық балуан бапкерлер тұрған жаққа бұрылып, жеңіске жеткенін меңзеп, қолын көтеріп жатқаны сол еді, кубалық спортшы оны бүйірінен келіп, жығып, 4 ұпайды иеленді.

Бастапқыда төрешілер бұл әдісті есепке алмай қойды, алайда Орта мен оның бапкерлері протест жасады. Төрешілер кездесудің соңғы сәті таспаланған видеоны мұқият көріп, кубалықтың кездесудің аяқталуына 0,1 секунд қалғанда әдіс жасап үлгергенін анықтады. Сөйтіп, кубалық жеңімпаз деп танылды. Финалға өткен ол ақтық кездесуде Лери Абуладзені айқын басымдықпен жеңіп, турнирдің чемпионы атанды.

Ал ирандық балуан үшін бұл рейтингілік кездесудің маңызы зор еді. Себебі мұнда жеңіске жеткен жағдайда ол Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына отандасы Мұхаммад Реза Герайдың орнына баруы мүмкін еді. Себебі Олимпиадаға қос мықтының қайсысы баратыны осы турнирде белгілі болатын еді. Нәтижесінде бұл салмақта Олимпиадада мұның алдындағы турнирде жолдаманы қалтасына басқан Герай баратын болды.

Серіктес жаңалықтары