Азаматтардың құқығын қорғау маңызды

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Парламент пен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының маңызын атап өтті.

Азаматтардың құқығын қорғау маңызды
сурет: ашық дереккөз
462

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Ішкі істер министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді. Онда жергілікті полиция қызметінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері де талқыланды. 

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Парламент пен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының маңызын атап өтті. Ол сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға ба­ғытталған жаңа заңнамалық бастамаларды әзірлеу мен қабылдаудың маңызына назар аударды.

– Бұл кездесу біздің бірлескен жұмысымыздың заңды жалғасы де­сек болады. Біздің қызметіміздің тиімділігі ішкі істер органдарының, алдын алу қызметі мен қоғамның барлық субъектілерінің ын­тымақтастығына байланысты. Қазір Сенатта «Жол қозғалысы туралы» заң қаралуда. Сондай-ақ қылмыстың алдын алу саласында да бірыңғай құжат әзірленуде. Біздің мақсатымыз – азаматтар құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ету және құқықтық тәртіп органдарына қоғам сенімін нығайту, – деді сенатор Нұрлан Бекназаров.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов саланың ағымдағы жұмысы туралы баяндады. Ол 2024 жылдың алғашқы төрт айында тіркелген қыл­мыстық құқық бұзушылықтар 8 пайызға төмендегенін, оның ішінде ұрлық 33 пайызға азайғанын хабарлады. Сондай-ақ барлық қылмыстардың 18 пайызы болатын интернет және телефон алаяқ­тықтарымен күреске ерекше назар аударылып отыр. 2022 жылдың қараша айынан бастап 46,5 миллион алаяқтық қоңыраулар бұғат­талды.
Сенаторлар сонымен қатар жедел-криминалистика департа­мен­тінде болып, қылмыстарды тергеудің озық технологиясы мен әдіс­терімен танысты. Депутаттарға жеке тұлғаны бет-әлпеті бойынша анық­тау, қылмысты анықтауға жарық көзін пайдалану, сондай-ақ мо­лекулалық-геномдық зерттеулерге арналған «ДНҚ» зертханасы сияқ­ты түрлі жүйелердің жұмысы таныстырылды. 

Серіктес жаңалықтары