Павлодарда шахматтан Senat Open турниріне іріктеу сайысы өткізілді

Senat Open турнирінің басты мақсаты – шахматты насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.

Павлодарда шахматтан Senat Open турниріне іріктеу сайысы өткізілді
irbistv.kz
439

Павлодарда Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен және ҚР Парламенті Сенатының бастамасымен «SENAT OPEN» турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz ERTIS-TV-ге сілтеме жасап.

Іріктеу турниріне облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, Шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко, облыс әкімі аппаратының басшысы, өңірдің түкпір-түкпірінен аудандық және қалалық, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам және БАҚ өкілдері де бақ сынады. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченконың айтуынша, шахмат ойыны зияткерлік әлеуеттікті арттыруға айрықша серпін бермек. Жарыс қатысушыларына алғысын айта отырып, нағыз үздіктер жеңіске жетуіне тілегін білдірді.

ИЛЬЯ ТЕРЕНЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ:

Дәл осындай іс-шараларда қоғам қайраткерлерінің де арамызда табылуы маңызды. Бұл біздің ұйымшылдықты, жақсы қарым-қатынасымыздың дәлелін айқындай түседі. Сондықтан, шахмат турнирі жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, үздіктер жеңіс тұғырынан көрінсін.

Senat Open турнирінің басты мақсаты – шахматты насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу. Айта кетейік, биыл Қазақстан мәслихатының құрылғанына 30 жыл. Сондықтан стратегиялық ойлау қабілетін дамытатын іс-шараларды өткізудің маңызы зор.

АЛЕКСАНДР БАБЕНКО, ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Павлодардан шахматтан жоғары жетістіктері бар спортшылар өте көп. Бұл ойынға әсіресе жастарды көптеп тарту керек екендігін атап өткім келеді. Денеге жаттығу жасаған сияқты, ми жұмысы да жаттығуды талап етеді. Ерте жастан бастап бала шахматқа қатысса, өсе келе қандай әрекет жасау қажет екенін бағамдай біледі.

Шахмат турниріне қатысушылардың бірі Ақсу қалалық мәслихат төрағасы. Оның айтуынша, шахмат ойындарын кеңінен насихаттап, миға қозғау салатын спорттық ойындарды жиі өткізген дұрыс. Осы ретте Ақсу қаласынан 10 адамнан құрылған команда қатысты.

МӘДЕНИЕТ ОМАРҒАЛИЕВ, АҚСУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Шахмат деген интелекттуалды ойын ғой, балалрға немесе үлкендерге болса да өте жақсы, ойлауды дамытады. Біз көп ойнамаған кісілер кездесіп, дайындалдық, үлкендерден тәжірибе алмастық.

Ойын жылдам шахмат бойынша өтті. Яғни, тез ойлап, жедел шешім қабылдау керек. Әр ойынға 10 минут берілді. Турнир нәтижесінде 100-ден астам қатысушыдан 25-і іріктеліп, жартылай финалға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Серіктес жаңалықтары