16 жастағы маңғыстаулық жастардың тойы желіні шулатты

Маңғыстау облысында 2008 жылғы жастар отау құрған.

16 жастағы маңғыстаулық жастардың тойы желіні шулатты
Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған
1524

Тойдың видеосы желіде оқырмандар арасында қызу талқыланды. Бірі жас жұбайлардың некесіне қолдау білдірсе, екіншілері оларға білім алу керек екенін айтып, наразы болған, деп хабарлады turkystan.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл – Жайылхановтар әулеті. Отбасы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүбірлетіп той өткізген. Той туралы әулеттің туысы (атын жасыруды өтінді) айтып берді. Себебі жас ата-ене сапарға шығып кеткендіктен, жауап беруге уақыты болмады.

“Жастардың ата-енесінің өздері 2007 жылы отау құрған. 2008 жылы үлкен ұлдары өмірге келді. Ағам мен жеңгем екі ұл мен үш қызды тәрбиелеп отыр. Ағам 1985 жылғы болса, жеңгем 1990 жылы дүниеге келген. Отбасымыз үлкен. Жайылхановтар әулетіміз”, – деді маңғыстаулық жұптың туысы.

Маңғыстаулық қыздың сөзінше, үйленіп жатқан жігіт пен қыз екеуі де 2008 жылы туған.  

“Жаңа түскен келін әжемізге шөбере келін болады. Қазір үйдің ұйытқысы болып отырған әжеміздің жасы 82-де. Апамның айтуынша, ол өзі 15 жасында келін болып түскен. Бүгінде алтын құрсақты анамыздың үш ұл мен үш қызы бар. Қазір жас отбасында бәрі жақсы және ата-енесінің қолында тұрып жатыр. Екі жақтың ата-аналары да қарсы болған жоқ. Бұрыннан бір-бірін білетін, ескі таныс адамдар болып шықты. Жас жұбайлардың екеуі де колледжде білім алып жатыр", – деді әулеттің немере қызы.

Видеоны көрген желі қолданушылары жарыса пікір жазды.

“Ене болмақ түгілі, 1990 жылғы әлі тұрмыс құрмаған қыздар бар шығар?”, “Мен 1989 жылғымын, қызымды 2008-де тудым. Бірінші курс студенті, бірақ байға әлі ерте деп ойлаймын. Мен өзім есейіп үлгерген жоқпын”, “Ерте үйленіп, ерте тұрмысқа шыққанның несі жақсы?! Бәрі өз уақытымен болуы керек. Жастық шақ дегенді білмей бірден отбасылық өмір басталып кетеді. Неге асығасыңдар? Бәріне үлгересіңдер”, “Өмірде бәрі болады. Күйеуім екеуіміз де 1985 жылғымыз. Ұлым 2005 жылғы болса да, балам келін әкеліп тұрмасын деп күнде қорқамыз. Өзім, бұйырса, алтыншы балама аяғым ауыр. Балам үйленбей тұра тұр деп айтып жатырмыз”, - дейді оқырмандар. 

 

Серіктес жаңалықтары