269
2-сынып оқушыларына арналған бірыңғай оқулық енгізілмек
2-сынып оқушыларына арналған бірыңғай оқулық енгізілмек
Биыл 2-ші сынып оқушыларына арналған бірыңғай оқулық енгізіледі. Қазір сала мамандары әр пән бойынша оқулықтарды іріктеп жатыр. Ол үшін 126 мұғалімнен тұратын арнайы комиссия да құрылған деп хабарлайды 24.kz.
Комиссия мүшелері апта бойы 2-ші сынып оқушысына неғұрлым түсінікті болатын кітаптарды саралап, мұқабасына безендірілуі мен салмағына да мән беріп отыр. Талқылау жұмыстарына ұстаздардан бөлек, ата-аналар да қатысқан. Енді республикалық комиссияның отырысында нақты шешім қабылданады.
Айта кетейік, былтырдан бастап 1-ші сынып бірыңғай оқулықпен қамтамасыз етілді. Бұл шара жыл сайын кезең-кезеңімен іске асырылады. Ал, 2020 жылдан бастап 5 пен 9, 2022 жылы 10 мен 11-ші сыныптарға бірыңғай оқулық енгізу көзделіп отыр.
Владимир Шнайдер, профессор:
- Комиссияның құрамына Қазақстанның түпкір-түкпірінен жоғарғы оқу орындары бар, мектептегі практик мұғалімдер бар, Парламент депутаттары бар, мемлекеттік емес ұйымдар бар, ата-аналар тарапынан жан-жақтан мүшелер енгізіліп отыр. Сондықтан бұл оқулықтарды бағалауда сондай бір әділ жұмыстың жүргізілуіне оңтайлы жағдай туғызып отыр.
Сағадат Мейірмановна, пәндік комиссияның мүшесі:
- Бірнеше баспаның оқулықтары ұсынылып жатыр. Сол оқулықтардың бәрін қарай отырып, енді бүкіл еліміз оқитын оқулық болғаннан кейін, ол балаға түсінікті тілде әрі жеткілікті дәрежеде білім беруі үшін біз соған нақты шынайы көзқараспен қарап жатырмыз. Себебі біздің шешімімізден еліміздің болашағы шешілейін деп тұр ғой. Сондықтан таңдау өте қиын.