Күшіміз - бірлікте
Осы қиын күндер Қазақстан халқының біртұтас екенін көрсетті.
Кейінгі дерек бойынша еліміздің 8 өңірінде төтенше жағдай режимі енгізілген. Су басқан өңір тұрғындарын құтқару жұмыстары күндіз-түні жүріп жатыр. Құтқару жұмысына төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге, әскерилер, ішкі істер қызметкерлері жұмылдырылған. Сонымен қатар өңір басшылары, депутаттар, еріктілер, өнер адамдары, кәсіпкерлер барлығы көмекке жұмылды.
Осы қиын күндер Қазақстан халқының біртұтас екенін көрсетті. Қазір су басқан өңірлерге республиканың түпкір-түпкірінен көмек ағылып жатыр. Ірі компаниялар, банктер, мекемелер, жеке адамдар арнайы есепшоттарға қаржы аударып, көмек қолын созды. Қарапайым адамдар баспанасыз қалғандарды төріне шығарып, ас-ауқатын ұсынып отыр. Құлсарыдан Бейнеуге адамдарды тегін тасыған таксишілер де қанымызда бар қасиетті көрсетті.
Бірлігі мықты елді жау алмайды. Қазір күн сайын ерлік жасалып жатыр. Біз бейбіт күннің батырларын есте қалдыру мақсатымен фоторепортаж ұсынғанды жөн көрдік.