Астанада мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісін балағаттаған ер адам қамауға алынды

Әлеуметтік желіде екі жолаушы мінген таксидің видеосы тарады.

Астанада мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісін балағаттаған ер адам қамауға алынды
видеодан кадр
745

Астанада саңырау әрі мылқау такси жүргізушісіне тіл тигізгені үшін ер адам 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлады turkystan.kz.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша К.-ке қатысты істі қарады.

Істің мән-жайы бойынша, К. таксиде келе жатып, такси жүргізушісінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, балағат сөздер айтқан.

«Өз іс-әрекетімен К. қоғамға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Сот отырысы барысында К. кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Жәбірленуші С. сурдоаудармашының көмегімен К. телефон қуаттағыш сымды талап еткенін, содан кейін оны қорлап, балағат сөздер айтқанын жеткізді. Денсаулық жағдайына байланысты оның әдепсіз қылығына жауап қатпай, тек көлікті тоқтатқан», - делінген хабарламада.
 

Болған құқық бұзушылық К.-ның мойындау түсініктемелерінен басқа, оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен расталды.

«Осы баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауаптылықты көздейді. Сот қаулысымен К. ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулікке қамауға алу түрінде жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.

Сот 15 тәулік қамауға алу түріндегі жазалау шарасын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын, бұрын осыған ұқсас қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзғанын ескере отырып тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары