Риддер қаласында жаз бойы ыстық су берілмейді

Риддерде жылу желілерін ауыстыру және жылу электр орталығында ауқымды жөндеу жұмыстары басталды.

Риддер қаласында жаз бойы ыстық су берілмейді
pixabay

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары басталды. Соған байланысты қалада 10 мамыр мен 1 қыркүйек аралығында тұрғын үйлер мен мекемелерде ыстық су болмайды. 

«Өткен жылдың жазы мен күзінде ЖЭО-да жөндеу жұмыстары қолға алынып, қиын жағдай тұрақтандырылған болатын. Осылайша, 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы күрделі ақаусыз өтті. Биыл да жөндеу жұмыстары жалғасады. Былтыр жөндеумен қамтылмаған қазандық агрегаттарын, турбогенераторларды, қосалқы жабдықтарды күрделі жөндеу жоспарланып отыр», - делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ жалпы ұзындығы 18,9 шақырым болатын жылу желілерінің 55 учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

«Барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр. Олардың орындалу барысы үнемі бақылауда болады», - деп хабарлады қалалық әкімдік.