Болашақ баспагерлердің пәндік олимпиадасы өткізілді

Білім додасында бақтарын сынаған барлық командаға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының арнайы дипломдары мен ЕҰУ-дің арнайы сыйлықтары табысталды

Болашақ баспагерлердің пәндік олимпиадасы өткізілді

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасы ұйымдастырған «Баспа ісі» бағыты бойынша VІІ республикалық пәндік олимпиадасы өтті.

Екі күнге созылған білім бәйгесіне еліміздің ЖОО-ның 4 командасы қатысты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың» дүбірлі білім додасына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасынан сайдың тасындай іріктеліп, 2-3-4 курс студенттерінен құралған «Жәрдем» және «Шұғыла» командалары да қатысып, бақтарын сынап қайтты.

Дәстүрлі пәндік олимпиадаға елімізге танымал қаламгерлер мен баспа директорлары қазылық етті. Атап айтсақ, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы Қазылар алқасына төрағалық етсе, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Типография бастығы Телғозы Санақұлы мен «Фолиант» баспасы қазақ редакциясының бас редакторы Фарида Рақымжанқызы сайысқа қатысушыларға әділ бағасын берді.

Білім сайысы ЕҰУ Ғылыми кітапхана залында басталып, шымылдығын Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Өмірбайұлы ашып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі. Алматы қаласынан Zoom платформасы арқылы қосылған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы меңгерушісі, профессор Айгүл Әмірғалиқызы өзінің жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Байқау комиссиясының қазы мүшелері баспа ісінің өткені мен бүгініне және келешегіне тоқталып, жастарға батасын берсе, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, РһD Амангелді Мейрамұлы білім сайысының талап-ережелері мен шарттарын қатысушылар назарына қайталап өтті.

Білім алушыларды баспа ісі саласына тарту және «Баспа ісі» бағыты бойынша білім алушылардың кәсіби және шығармашылық құзыреттіліктерін дамытуды мақсат еткен білім бәйгесіне қатысушы командалар 3 кезең бойынша сайысқа түсті. Олимпиаданың негізгі кезеңдеріне өтпес бұрын «Күлтегін», «Көкжиек», «Жәрдем», «Шұғыла» командалары өздерін таныстырып, ұранын, эмблемасын қорғап шықты.

Алғашқы кезеңде олимпиада қатысушылары арнайы берілген тапсырма бойынша инфографика дизайнын InDesign және басқа да бағдарламаларда дайындап, таныстырып, негізгі идеясын түсіндірді.

Екінші кезеңде тест сұрақтарына («Редакциялау теориясы мен практикасы», «Баспа ісінің негіздері», «Кітаптану», «Қазіргі полиграфиялық технологиялар» пәндері бойынша) жауап берді.

Сайыстың үшінші кезеңі ұсынылған мәтінді ғылыми, көркем, публицистикалық (ақпарат, репортаж) стильде қайта жазумен және редакциялаумен жалғасты.

Нәтижесінде І орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Жәрдем» командасы иеленді.

ІІ орын Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Күлтегін» командасына бұйырды.

ІІІ орынды ҚазҰУ-дің «Шұғыла» және ЕҰУ-дің «Көкжиек» командалары өзара бөлісті.

Білім додасында бақтарын сынаған барлық командаға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының арнайы дипломдары мен ЕҰУ-дің арнайы сыйлықтары табысталса, ҚазҰУ командаларының жетекшілері, аға оқытушылар Дәрмен Смайыл мен Нұрлыайым Данаева және ЕҰУ командаларының жетекшісі, Журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Гүлжазира Ертасова Алғыс хаттармен марапатталып, ЕҰУ сыйлықтары ұсынылды.

Болашақ баспагерлердің білім сайысы Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Баспа ісі» білім бағдарламасы бойынша білім алушыларының әсем әнімен, күмбір күйімен, мың бұралған биімен қорытындыланды.