«Үндемей жүруден шаршадым»: Елшінің кеңесшісі әйелін соққыға жықты деген күдікке ілінді
Сондай-ақ зардап шеккен әйел күйеуін "дипломат мәртебесінен айырып, түрмеге қамауды" сұрады
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйелі Карина Мамашқа зорлық-зомбылық көрсетті деген ақпарат тарады, деп хабарлады turkystan.kz baq.kz-ке сілтеме жасап.
Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш "НеМолчи kz" қоғамдық қорына хабарласып, видеоүндеу жолдаған. Ол 5 мамырда күйеуі соққыға жыққанын айтты. Онымен бірге БАӘ-ге қонаққа келген әпкесін де ұрып-соққанын айтып берді. Карина дәлел болатын суреттерді де жіберген.
Мен үндемей жүруден шаршадым, бәріне шыдаудан шаршадым. Мен мемлекеттен көмек сұраймын. 10 жыл бойы ол мені зорлап, ұрып-соғып келеді. Маған қауіп төніп тұр. Оның қасындағы балаларыма да қауіп төнуде. Көмектесіңіздерші! - деді ол.
Сондай-ақ зардап шеккен әйел күйеуін "дипломат мәртебесінен айырып, түрмеге қамауды" сұрады.
Informburo.kz мәліметінше, Сыртқы істер министрлігі зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдің үндеуіне қатысты мәлімдеме жасады.
Біз аты аталған қызметкерді Қазақстанға шұғыл қайтарамыз. Әрі қарай оның ісімен құқыққорғау органдары айналысады, - делінген ведомство хабарламасында.