Қуандық Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде не айтты?

Сотталушы ешқашан ешкімге өлім тілемегенін айтты.

Қуандық Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде не айтты?
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
953

Бүгін әйелі Салтанат Нүкенованы «асқан қатыгездікпен қинап өлтірді» деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен «қылмысты жасырып қалмақ болды» деп жауапқа тартылған оның інісі Бақытжан Байжановқа қатысты кезекті сот процесі жалғасты.

Айыпталушылар соңғы сөзін айтты. Бишімбаев алқа билерге жүгініп, олардың сотқа қатысуын өзі сұрағанын, Құдайға сенетінін, Салтанаттың өлім аузында жатқанын білмегенін айтады. Салтанаттың және өзінің туған-туыстарынан кешірім сұрайды. Өз туыстарының еш кінәсі жоқтығын айтып, кінәламауды өтінеді.

«Алқабилер сотын өткізу менің таңдауым болды. Бұл мен үшін оңай таңдау болған жоқ, өйткені елде мұндай іспен бетпе-бет келген адам жоқ екенін түсіндім. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та маған қарсы өшпенділік тудыру, жағдайды бұрмалау, мені және менің отбасымды қаралау мақсатында жүргізілген науқандарды ескере отырып, кез келген алқабидің маған қарсы пікір білдіруі мүмкін екенін түсіндім.

Осыған қарамастан, мен және менің қорғаушыларым алқабилердің қатысуымен БАҚ өкілдері үшін ашық сотқа баруды шештік. 10 адамға сол кеш туралы және Салтанатпен қарым-қатынасымыз туралы шындықты жеткізіп, кем дегенде 10 адамның менің пікірімді тыңдауына мүмкіндік алуды мақсат еттім.

Алланың қалауымен сіздер маған сот болдыңыздар. Бәлкім, бұл дүниеде оңай ештеңе жоқ шығар, бәріміз сыналамыз. Сіздер Құдайға сенетін болсаңыздар, ал мен оның бізді сынайтынына сенемін. Сол түні мен бұл сынақтан өте алмадым, бойымдағы, яғни әр адамда бар жақсыны қорладым.

 Мен мұны терең түсінемін, өкінемін, күн сайын өкінемін. Менің іс-әрекетім мен сүйген адамның өліміне, оның отбасы мен достарының қайғысына себеп болды. Олардан, сезімі қор болған барлық адамнан кешірім сұраймын.

Ата-анамнан, балаларымнан, достарымнан кешірім сұраймын, менің қателіктерім оларды қапаландырды. Өміріне ұят, қайғы, уайым мен қорқыныш әкелді. Бірақ, ата-анамның, туыстарымның еш кінәсі жоқ екенін айтқым келеді. Бұл тек менің кінәм және менің ауыртпалығым», - деді Бишімбаев.

Сотталушы ешқашан ешкімге өлім тілемегенін айтты.

«Сол күні кеште мен әйеліме өлім тілеген жоқпын. Жағдай сондай болады деп ойламадым. Кінәлімін, бірақ қасақана өлтіруге емес. Ұсталған күннен бері шындықты айтып келемін, жасыруға және жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан жоқпын. Мен қамауға алынғаннан кейін бір-екі күн өткен соң, ешбір негізсіз, сараптамасыз және оны растайтын қорытындысыз асқан қатыгездікпен қасақана кісі өлтірді деген айып тағылды», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары