10 млн теңге пара алған: Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімінің үкімі өзгеріссіз қалды

Оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

10 млн теңге пара алған: Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімінің үкімі өзгеріссіз қалды
Фото:gov.kz

Ұлытау облыстық соты Сәтбаев соты қаланың бұрынғы әкімі Шапағат Әубәкірге қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды turkystan.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

      Еске сала кетейік, 2024 жылғы ақпанда Ш.Әубәкір қала әкімі бола тұра, Сәтбаев қаласындағы жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын жүргізетін жеке кәсіпкер Д.Мейірбектен мемлекеттік сатып алу шартының сомасын ұлғайтуға және оның кеңеюіне жәрдемдесу үшін 10 млн.теңге көлемінде пара алған.

      Сәтбаев қалалық сотының 2024 жылғы 18 наурызындағы үкімімен Ш.Әубәкір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

Ал Д.Мейірбек ҚР ҚК-нің 367 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенген сомасы – 200 млн. теңге айыппұл тағайындалған.

"Облыстық соттың апелляциялық сот алқасының қаулысымен аталған үкім өзгеріссіз, ал сотталған Ш.Әубәкірдің, оның қорғаушысы-адвокаттың апелляциялық шағымы және прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды", – делінген хабарламада.