ШҚО-да 11 шетелдік азамат қамауға алынды
Жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін мемлекет кірісіне 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.
Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында құрылыста заңсыз жұмыс істеп жүрген 11 шетелдік анықталды.
Самар ауылында көші-қон қызметінің мамандары уәкілетті органның рұқсатынсыз жеке тұрғын үйлерде құрылыс жұмыстарына тартылған көрші елдердің 11 азаматын анықтаған.
«Қазіргі уақытта аталған бұзушылық үшін олар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 517-бабы 5-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктерге 25 АЕК (92 300 теңге) айыппұл және 1-ден 3 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жаза қолданылады», - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Ал жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін мемлекет кірісіне 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.
Осы ретте, ШҚО ПД көші-қон қызметі уәкілетті органның рұқсатынсыз Қазақстан аумағында уақытша болатын шетелдік азаматтарды жұмысқа тартуға тыйым салынғанын ескертеді.