Су тасқыны: Ақтөбе облысында зардап шеккендерден өтініш қабылдау аяқталды
Қаланың екі ауданындағы әкімдіктер де өтініш қабылдады.
Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерден өтініш қабылдау мерзімі аяқталды, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Қаланың екі ауданындағы әкімдіктер де өтініш қабылдады. Астана ауданында су кірген үй саны елуге жетпейді. Ал Алматы ауданында өтініш саны үш жарым мыңнан асқан. Арнайы комиссия бұл аудандағы 35 баспананы тұруға жарамсыз деп таныды.
ТЖД өкілінің айтуынша, алдағы уақытта апатты үй саны тағы да артуы мүмкін. Себебі бағалаушылар мен техникалық бақылаушылар бәрін әлі зерттеп болған жоқ. Заң бойынша тасқыннан кейін тұрғындардан отыз күн ішінде өтініш түсуі қажет. Одан кейін комиссия хаттама толтырып, шығынды бағалайтын мамандар қарайды.
«Астана ауданы бойынша 39 тұрғын үйге өтемақы төленді. Алматы ауданы бойынша 101 үйге төленді. Алматы ауданы бойынша 35 үй деген ақпарат бар. Жарамсыз. Ол ақпарат өзгеруі мүмкін. Себебі қазір техниктер жұмыс істеп жатыр. Жұмыс аяқталған жоқ», - деді Ақтөбе азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекзат Тұрғалиев.