«Өлген сәбидің денесін зерттеу қиын»: Бишімбаев сотындағы медициналық сарапшы жұмысы жайлы айтты (ВИДЕО)

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында Салтанат Нүкенованың дене жарақаттарын талдап берген сот-медицина сарапшысы Тахир Халиминазаров тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты өз ойымен бөлісті.

«Өлген сәбидің денесін зерттеу қиын»: Бишімбаев сотындағы медициналық сарапшы жұмысы жайлы айтты (ВИДЕО)
1202

Бұл туралы ол Дина Төлепбергенге берген сұхбатында айтты, деп хабарлады turkystan.kz сайты Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.

«Өзіңнің қызың болсын, біреудің қызы болсын оларға ана деген көзқарас болу керек. Қыздар — біздің, қоғамның келешегі. Қыздардың да қазір сауаты өсті, өзінің құқықтарын біледі. 3 баласы болса да, ажырасып жатқандар бар. Өйткені, өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Балаға да тәрбиені дұрыс беру керек. Отбасында зорлық-зомбылық көрген бала да психологиялық жарақат алады. Оның бәрінің әсері қалады. Ол бала да болашақта сондай болуы мүмкін. Сол үшін ажырасып кетеді. Мен мұны дұрыс деп ойлаймын. Бір рет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаң оны жәй қалдыруға болмайды. Қол көтерген адамға кешірім деген болмау керек. Осы заманда, осы қоғамда әйел кісіге қол көтеру деген не? Оны қалай кешіресің?», — дейді ол.

Сондай-ақ, сарапшы моральдық тұрғыда ең қиын сараптама кішкентай баланың мүрдесіне жасалатын сараптама екенін де жасырмады.

«Ең қиын сараптамалар кішкентай балалардың өлім себебімен жасалған сараптамалар. Әрине, сарапшы сараптама жасауға кіргенде ештеңеден қорықпайды. Бірақ, денені зерттеп жатқан кезде сәбидің кішкентай қолдары, саусақтары, аяқтарына қарайсың және оған ешқашан үйрене алмайсың. Оған шыдау өте қиын. Сараптама біткеннен кейін бәрін жүрегіңе жақын қабылдайсың. Мынау жұмысым ғой деп жәй қарай алмайсың. Бәрібір баланың денесіне қолың тиеді, сол кезде ішің күйіп кетеді. Өйткені, сен адам болғаннан кейін көз алдыңа бәрібір бала-шағаң елестейді. Ол да біреудің баласы. Оның ата-анасы не сезсе, сен де соны сезесің. Жасы келген адамға қатты мән бермейсің. Ал, кішкентай сәбилер періштелер ғой. 2-3 жастағы денені зерттеу — моральды тұрғыдан өте ауыр», — дейді Тахир Халимназаров.

Серіктес жаңалықтары