Ақтөбе қаласында су тасқынына байланысты дезинфекция жүргізіледі

Зарарсыздандыру жұмыстары алдағы 10 күн ішінде атқарылады.

Ақтөбе қаласында су тасқынына байланысты дезинфекция жүргізіледі
pixabay

Ақтөбе қаласында су тасқыны кезінде су шайған бау-бақша учаскелері дезинфекцияланады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дезинфекция жүргізу үшін қала әкімдігінің сұранысына сәйкес қорғаныс министрлігі әскери қызметшілер мен арнайы техникалар жіберген. Зарарсыздандыру жұмыстары алдағы 10 күн ішінде атқарылады.

"Бізге қорғаныс министрлігі 50 сарбаз, 16 техника жіберді. 107 бау-бақша аумағында, яғни 5082 гектар жерде дезинфекция жүргізіледі. Осыған байланысты тұрғындарды алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырамын. Дезинфекция тұрғындардың денсаулығы мен жалпы санитарлық тазалық үшін қажет, сол себепті түсіністікпен қарауды сұраймын", - деді қала әкімі Азамат Бекет.

Халыққа барлық ақпарат БАҚ және мемлекеттік органдардың ресми парақшалары арқылы жеткізіліп отырады.