Қызылордалық 9 жастағы бала ат құлағында ойнайды (ВИДЕО)

Қызылордалық 9 жастағы Әбу есімді бала жылқы десе ішкен асын жерге қояды. Ол болашақта атбегі болғысы келеді.

Қызылордалық 9 жастағы бала ат құлағында ойнайды (ВИДЕО)
892

Қазірдің өзінде жылқының жайын жақсы білетін бала түрлі бәйгелерге қатысып, жүлделі орындарды бермей жүр, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Әбу - ұлдың кенжесі. Кішкентайынан ерек ол 5 жасынан бастап атқа отырған. Жүректі жігіт ауылдағы талай асау тайды бас білдіріп жүр. Бәйге десе делебесі қозатын Әбу биыл тұңғыш рет өзінің жылқысын жарысқа қоспақ. Сондықтан сабақтан келе сала Қаракөзінің бабын жасауға кіріседі.

- Күнде атымның жемін беремін, шөбін саламын. Онымен сырсамамын. Не істеп жүргенін бақылап отырамын. Үстін тазалаған ұнайды. Болашақта атсейіс болғым келеді. Үлкен бәйгеге шапсам деймін,- деді Абай ауылының тұрғыны Әбу Мейірбекұлы.

Әбудің жылқыға жақындығын әкесі аңғарған. Содан соң қасына ертіп жүріп, бәйгені тамашалауға жиі апарады. Бұл өнерге ерекше ынтасы ауған бала кейін өзі де атқа отырып, жарыстарда топ жарған. Қазір ол әкесінің қолқанаты әрі ауылдастарының мақтанышын.


- Кішкентайынан баламыз атқа мінеді. Бәйгеге шауып жүр қазір. Мал айдасады, мал бағады, ауылда қойдың кезегіне шығады. Сол үшін өзіне арнап тай алып бергенбіз. Асау тайларға мінеді. Қазір мұндай балалар аз, - деді Әбудің әкесі Мейірбек Акиев

9 жастағы жеткіншек болашақта аттың құлағында ойнайтын шабандоз болуды армандайды. Шауып келе жатып жасалатын әдіс-тәсілдерді шебер меңгеріп, киноға түссем деген жоспарын да жасырмады. Ал әзірге Қаракөзімен бірге талайды шаң қаптырып, бәйгеден бірінші келу үшін тер төгуде. 

Серіктес жаңалықтары