Kaspi.kz-тің негізін қалаушылар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 20 млрд теңге аударады

Бөлінген қаражат Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарына тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, тұрғын үй сатып алуға және салуға жұмсалады.

Kaspi.kz-тің негізін қалаушылар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 20 млрд теңге аударады
Фото: Sarinform.ru
814

Kaspi.kz-тің негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмектесу үшін 20 млрд теңге аударады, деп хабарлады turkystan.kz.

«Бүкіл елімізбен бірге баспанасыз қалған адамдарға жанашырлық танытамыз. Мыңдаған отбасы көшірілді, олардың өз үйлеріне қашан оралатыны белгісіз. Кейбір елді мекендерде су деңгейі әлі де көтеріліп жатыр. Бұл қасірет ешкімді бей-жай қалдырмайды. Мемлекет, бизнес өкілдері, азаматтарымыз зардап шеккен аймақтардағы адамдардың өмірі тезірек жақсаруы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Біз өз тарапымыздан Мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету туралы үндеуін қолдап, су тасқынының салдарымен күресу үшін 20 млрд теңге аударғымыз келеді», - деді Kaspi.kz-тің негізін қалаушылардың бірі әрі Директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.

Аталмыш банктің негізін қалаушылардың бірі әрі Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе де дәл осындай пікірде.

«Зардап шеккен өңірлерде біздің сүйікті клиенттеріміз, серіктестеріміз, қызметкерлеріміз тұрады. Біз су тасқынының алғашқы күндерінен бастап олармен үнемі байланыстамыз және жағдайды жақсы білеміз. Біз бірден Kaspi.kz мобильді қосымшасында қайырымдылық көмек жинауды ұйымдастырдық және құтқару техникасын, амуниция, жанар-жағармай сатып алуға және басқа да алғашқы көмекке «Біз біргеміз» қорына қаражат бөлдік. Өкінішке қарай, бірқатар өңірде әлі күнге дейін жағдай мүшкіл. Біз Президенттің бастамасын қолдап, осы қиын сәтте елімізге пайдалы болуды өзіміздің азаматтық парызымыз деп білеміз», - деді Михаил Ломтадзе.

Наурыз айының соңында Kaspi командасы Kaspi.kz қосымшасында онлайн-сервис ұйымдастырды. Бей-жай қарамайтын әр қазақстандық зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Biz Birgemiz Qazaqstan қорына қаражат аудара алады. Kaspi.kz компаниясының өзі жол жөндеуге, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз етуге, генераторлар, сорғылар, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмек сатып алу үшін қорға 620 млн теңге аударды. Сондай-ақ өткен аптада Вячеслав Ким Ақмола облысында 5 қабатты тұрғын үй салу жобасын қаржыландырып, зардап шеккен елді мекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге қаражат бөлді.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары