Су тасқынына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлерді лауазымына, тегіне қарамай жазалау керек – Нартай Аралбайұлы

Оның айтуынша, аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысы.

Су тасқынына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлерді лауазымына, тегіне қарамай жазалау керек – Нартай Аралбайұлы
Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі ахуалға қатысты депутаттық сауал жолдады.

«Бұл депутаттық сауал арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айрылған ағайынның өтініші деп білерсіздер.

Қазақ: «Алпыс күн тасыған су, Алты күнде қайтар» дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын әкетпейді. Қазір еліміздің жартысы қарғын судың қақпанында қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет» деді.  

Шынымен, жұмысына салғырт  қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы», - деді Н. Сәрсенғалиев..

Оның айтуынша, аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысы. Құлсарыда 2 900 үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1 226 үйді, 1 905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге  қарай жөңкілеп келеді.

Жайық өзені БҚО-ң 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден астам жоғары. Жайықтың бойында 84 елді-мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес.

«Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы, ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс. Және комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт. Бұл өңірдегі басты мәселеле.

Қоғамдағы негізгі түйткіл ақпараттық соғыс. Қате ақпарат – қатер. Қазір судың ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұр.

Қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр.  «Құлқынның құлы болғанша, Халқыңның ұлы бол» дегенді 30 жыл бойы құлағына қыстырмағандар қазіргі жағдайды саяси есеп айырысудың құралына айналдыру үшін өлімдесуде.

Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған.

 Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған себеп ғылымға жағдайдың жасалмауы. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған», - деді депутат.

Ол осынша олқылыққа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек екенін айтты.

«Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар.

Арнасынан адасып аққан судың астында қалған ағайынның мәселесін бір депутаттық сауалға сыйғызу мүмкін емес. Өңірден келген депутаттар әр проблемамен жеке-жеке айналысады. Шешуге мұрындық болады, себебі басты міндет елдің талабын орындау», - деді халқы қалаулысы.