Қытай жастары қазақ тілін үйреніп жатыр

Алдағы уақытта Қытайдың бірқатар университетінде қазақ тілін оқыту бөлімшелерін ашылады.

Қытай жастары қазақ тілін үйреніп жатыр
Сурет: СІМ

Сиань қаласында қазақ тілін үйренуші қытайлық студенттер арасында білім сайысы өтті, деп хабарлады turkystan.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулдығы, Шэньси өңірінің білім департаменті және Сиань шет тілдер университетімен бірлесіп, Бейжің, Шанхай, Далянь және Сиань шет тілдері, Орталық ұлттар және Шихэцзы университеттерінің студенттері арасында «Қазақ тілі мен мәдениетін үйрену біліктілігі» бойынша кезекті ІІ-ші Бүкілқытайлық байқауын өткізді.  

Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев байқауға қатысушыларды құттықтап, іс-шараны ұйымдастыруға көмек көрсетуші тараптарға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде Қазақстан сан ғасырлар бойы өзінің көршілерімен бейбіт өмірге ұмтылып, ортақ дамуға ынталы екенін жеткізді. Қытай жастарының қазақ тілін үйренуі келешек екі мемлекеттің өзара жан-жақты дамуына серпін беретінін атап өтті.

Бас консул қытай тарапын ҚР Үкіметі білім беру саласында жүргізіп жатқан қазіргі реформалар, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесін дамытудың басымдықтарымен таныстырды.

Байқау аясында қазақстандық дипломат Шэньси өңірінің білім департаментінің басшысы Лю Цзянлинь мен Сиань шет тілдер университеті ректоры Ван Чилунмен кездесулер өткізіп, білім беру саласындағы ынтымақтастық перспективалары, қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастар орнату мәселелерін, сондай-ақ қазақстандық студенттер мен оқытушыларды оқыту талаптары және тағылымдамадан өткізу мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар, Шэньси аймағының алдыңғы қатарлы университеттерінің Қазақстан аумағында біріккен филиалдарын ашу мүмкіндігін талқылады.  

Іс-шара қорытындысы бойынша Қытайдың бірқатар университеттерінде қазақ тілін оқыту бөлімшелерін ашуға қызығушылық танытты.

Жүлделі орындардың иегерлеріне Бас консулдық атынан грамоталар, кубок, сондай-ақ естелік сыйлықтар мен кәдесыйлар табыс етілді.